ЕҢБЕК ТҮБІ – БЕРЕКЕ
Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғарғы орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды»,-деген еді.
Еңбекқорлық мәселесін сөз еткенде мектебімізде бірнеше жыл еңбек еткен - Авдхалаг Дамысхан мұғалім бірден ойға оралады.
Дамысхан мұғалім - нағыз өз ісіне адал, парасатты жан. Өмірінің жиырма бес жылдан астам уақытын Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданы Тоғызқұдық ауылындағы Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы жалпы білім беру мектебінде балаларға білім мен тәрбие беруге жұмсаған. Ұстаздық қызмет бір қарағанда оңайлау көрінгенімен, бұл саланың өзіндік қиындықтары да жетерлік.
Оқушылар мен әріптестеріне жайдары, жұмсақ, адам баласына қатты сөз айтып, көңілін қалдырмайтын мінезге бай жан. Өз ісіне тиянақты. Таңертең ерте мектеп есігін ашатын Дамысхан мұғалім, жұмыстан елдің соңынан шығады. Тіпті, демалыс күндері де мектептен табылады. Қай уақытта да жұмысын бірінші орынға қояды. Бұл жаннан өз мамандығын қалай сүюді үйренсе болады. Адамгершілік қасиет, ар тазалығын биік ұстау арқылы төңірегіндегі жандардың ризашылығы мен алғысына бөленген Ұстаз. Шәкірттері Дамысхан мұғалімнің есімін құрметпен атайды.
Басшылық жұмысында да барша жанмен жақсы тіл табыса білді. «Әркімнің өз дара жолы бар» екенін дәлелдеген, кәсіби шеберлікті шыңдауда ойы мен сөзі бір жерден шығып және әр ісінен айқын көрініп тұрады.
Өз ісіне адалдықтың, аянбай еңбек етудің сара жолын көрсетіп кеткен аға буын өкілі, бүгінде еткен еңбегінің тәтті дәмін татып, зейнетте отырған Дамысхан мұғалімге салиқалы ғұмыр тілейміз.
М.Ахметова,
Ж.Аймауытұлы атындағы мектептің бастауыш
кәсіподақ төрайымы.
Қарағанды облысы, Бұхар жырау ауданы, Тоғызқұдық ауылы