АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Әрқашанда қоғам аға буын өкілдеріне зор құрмет көрсетіп, олардың аса құнды кеңестері мен ақыл парасатын, ғұмырлық ғибратын үлгі тұтып келеді. Жылдағы дәстүр бойынша 1 қазан - Халықаралық қарттар күні ретінде аталып келеді. Бұл тәуелсіз еліміздің дамуына және қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан аға ұрпақ өкілдеріне деген еліміздің үлкен құрметінің, зор қамқорлығының белгісі. Бұл мерекенің басты мақсаты – ардагер қариялардың сіңірген еңбектерін, мемлекеттің дамуына қосқан үлестерін ұмытпай, оларды құрметтеп үлгі тұту.
Осы мақсатта барлық жерде көптеген игі істер, шаралар өткізілуде. Бүгін Ақтөбенің Әйтеке би ауданында білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен білім саласының ардагер ұстаздары бас қосты.
Шара барысында ардагер ұстаздар шәкірттері дайындаған мерекелік концертті тамашалап, өздерінің мұғалімдік қызметтегі әдемі естеліктерімен бөлісті.
Барша қатысушы жас мамандар үшін кеш барысында айтылған әрбір әңгіме өткен шақтың әдемі естелігі ғана емес, ауданның білім саласының тарихы, шежіресіндей болды. Мұғалімдер мен оқушылардың әдемі ән шашулары, арнайы сахналық қойылымдары, күмбірлеген күй мен мың бұралған бишілердің билері көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Сәулеш Біртаева алдымен қарттар күнін атап өтудің мәні мен маңызына тоқталып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады. Өз кезегінде ардагерлер өнегелі өмірлерінен сыр шертіп, қазіргі зейнеткерлік шақтың қызығы мен шыжығына тоқталды. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын дамыту, қазіргі қоғамның дамуындағы ардагерлердің рөлі секілді мәселелер төңірегінде де ардагерлер өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Шара барысында аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Зейнел Бекетов аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері маңызды екенін тілге тиек етті. Сөз соңында ұйым төрағасы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Мерекелік басқосу ақ дастархан басында жалғасты. Ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде өзінің қажыр-қайратын, жастық шағын, бүкіл ғұмырын арнаған ардагер ұстаздарымызға осылайша құрмет көрсетілді.