ҰСТАЗ МЕРЕЙІ ҚАШАНДА ҮСТЕМ
Болашақ ұрпағымыздың қандай болып өсетіні мұғалімнің адал еңбегіне, педагогикалық шеберлігіне, шыдамдылығына, сондай-ақ өз жұмысына деген сүйіспеншілігіне байланысты.
Нұргазина Айткамал Сейітқызы 1981 жылы Өскемен қаласындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетін аяқтады. Алғаш еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ы.Алтынсарин орта мектебінен бастады. Алғашқы күннен бастап нағыз ұстаз болудың қыры мен сырын үйрене отырып, өнерлі өнеге мен тәлім тәрбиені шәкірт бойына сіңіруді мақсат етті.
Мұғалім - мамандық болса, ұстаздық қасиет. Бойыңа – қуат, жаныңа – жігер беріп, өрге сүйрейтін де осы қасиет. Сабағын бере жүріп, ұзақ жылдар бойы жаратылыстаны-математика бағытындағы пәндер бірлестігін басқарды. Математика сабақтарын ойын арқылы оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыруды алға қойып, оқушылардың сабаққа қызығушылықтарын арттыру, білім сапасын көтеру мақсатында жан-жақты ізденістер жасады. Оқытудың жаңа технологиялары бойынша ізденіс жұмыстарын аудандық, облыстық семинарларда тәжірибелермен бөлісіп, үздік сабақтар өткізді. Аудандық, облыстық басылымдарда «Кинематика есептерін математикалық жолмен шығару» мақаласы жарық көрді. Бірнеше жыл аудандық олимпиада комиссия мүшесі бола жүріп, оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыру мақсатында жұмыс жасады.
2010 жылы ШҚО Алтай ауданы Серебрянск қаласына көшіп келуіне байланысты, қала мектептерінде жұмыс жасап, тәжірибесін әрі-қарай жалғастырды. «Серебрянск №4 орта мектебі» КММ бірнеше жыл математика пәнінен сабақ беріп, аудан, облыс деңгейлерінде мақтау қағаздарымен марапатталды.
Айткамал Сейітқызы 42 жыл үзіліссіз ұстаздық қызметте болды. Осы жылдар ішінде көптеген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызметте жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда да немерелеріне көңіл бөліп, математика-физика пәндеріне деген сүйіспеншілікті арттыруда.
Сіздің өнегелі еңбек жолыңыз жас ұрпаққа қашан да үлгі. Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасыңызға құт-береке, амандық тілейміз!
-
Фотографии
-