ҰСТАЗ - ҰЛЫ ТҰЛҒА
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Шындығында, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып-үйрететін мейірімді абзал жандар. Солардың бірегейі, білім саласының ілгері дамуына қомақты үлес қосқан парасатты педагог – Жүнісов Еламан Қабдөшұлы.
Ел ағасы алдынан талай ұрпақ тәрбиелеп ұшырған ұлағатты ұстаздардың бірі. Әрдайым үлгі-өнегесімен, еңбекқорлығымен көзге түскен, жас ұрпақтыңмамандық таңдауда болашағына жол ашып, мамандық таңдауда бағыт-бағдар бере білген, география әлемінің сан қырлы сырларымен блім алушыларды қызықтыра білген, сегіз қырлы бір сырлы қайталанбас тұлға.
Еламан Қабдөшұлы Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданы, Жаңалық ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Қабдөш механик қызметінде тынбай еңбек етсе, анасы Назым үй шаруасын тыңғылықты атқарды. Сөйтіп, қарапайым жандар 3 ұл мен 2 қызға саналы тәрбие бере білді.
Еламан Қабдөшұлы еңбек жолын 1981жылы Жаңалық негізгі мектебінде бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастаған. Кейіннен 2000 жылдан бастап Явленка орта мектебінде география пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келді.
Қазақ халқы ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздік әкелген бақытты өмір - бүлдіршіндердің өз ана тілінде тәрбиеленуіне, білім алуына жағдай жасау еді. Ұлттық мектептердің қажеттілігі туындап, түрлі қиындықтарға қарамастан жер-жерде әуелі тек қазақ сыныптары ашыла бастады. Еламан Қабдөшұлы Явленка ауылында 2000 жылы бір топ тіл жанашырларының тындырымды еңбегінің арқасында қазақ тілінде білім беретін мектеп есігін айқара ашуына өз үлесін қосты. Ұдайы шығармашылық ізденісінің нәтижесінде әріптестерінің арасында тың жаңашылдықтарымен ерекшелене білді. Талапты шәкірттерінің бойындағы қарым мен қабілетті шыңдау мақсатында аудандық, облыстық, білім бәсекелеріне дайындап, жемісті жетістіктерімен даралануына жол ашты.
Еламан Қабдөшұлы мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысып, кәсәподақ комитетінің мүшесі болып коп жылдар бойы қызмет атқарып жатыр. Білім беру саласына аянбай тер көккен ұжымға үлгі, елге сыйлы азамат. Өмір жолын өскелең ұрпаққа арнаған абзал жан - шәкірт жүрегінде мәңгі сақталары анық. Жақсы ұстаз өз жолын қуатын шәкірт тәрбиелеп, ұстаз бен шәкірт арасында үзілмес сабақтастық орнатқанда ғана ұстаздың есімі ұрпақтан ұрпаққа таралары сөзсіз.Ұлағатты ұстаз үшін бұдан биік мәртебе, бұдан асқан марапат жоқ шығар...