АҚТӨБЕДЕ АРДАГЕР ҰСТАЗДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Өңірімізде білім жүйесінің дамуына зор үлес қосып, өзінің біліктілігімен, кәсібилігімен дараланған ардагер ұстаздар көп... Елінің болашағы мен халқының кемел келешегі үшін талмай қызмет етіп, саналы ғұмырын осы жолға арнаған бірегей тұлғалардың жүрген жолында елеулі із қалары анық.
Осы орайда мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында облыс бойынша бірқатар шаралар өтіп жатыр. Соған орай білім саласының ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова қатысты.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан шәкірт жолында талмай еңбек еткен және білім саласына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздарды марапаттап, Алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан ардагер ұстаздарға ризашылығы мен алғысын айтып, ақжарма тілегін жеткізді.
Шара барысында білім жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстар жайы айтылып, оның сапасын арттыру мәселелері сөз болды.
Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет екенін айтқан Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова әрбір ұстаз марапатқа лайықты екенін жеткізді.
Мереке қарсаңында сала ардагерлеріне облыстық білім қызметкерлері тарапынан сый-құрмет жасалды. Кездесуде ұстаздық ұлы қызметті мінсіз атқарып, сан жылдар бойы білім саласында қызмет еткен ардагерлер мадақ пен марапатқа бөленді.
Жиын соңында ардагерлер алғысын айтып, ақ батасын берді.
-
Фотографии
-