ЖАМБЫЛДА ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігі баршаға белгілі. Сондықтан да, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Осы орайда, ұстаздарды ұлықтап, оларға құрмет көрсету мақсатында Жамбыл облысында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналған «Ұстаз – ұлы есім» атты іс-шара өтті.
Жамбыл облыстық филармониясының «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында өткен салтанатты жиынға сала ардагерлері, ардақты ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері, білім беру ұйымдары мен мекеме басшылары, кәсіподақ жетекшілері қатысты. «Ұлт болашағының тізгіні – ұстаздардың қолында» тақырыбындағы бейне роликпен басталған іс-шара театрландырылған көрініспен жалғасты. Бұдан кейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ұстаздарды мерекемен құттықтап, олардың ізгі еңбектері және қазақстандықтардың жас ұрпағын тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.
- Қадірлі білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беруде сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Алаңсыз шығармашылықпен айналысып, еңбек ету үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Педагог мәртебесін көтеру, олардың біліктілігін арттыру бойынша көп жұмыстар атқарылуда. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілеймін. Дені сау, ұлттық сана-сезімі биік, мәдениеті жоғары, парасатты азаматтарды тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жана берсін», – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан соң өңірдің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін 3 білім саласының ардагерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, 11 педагог «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 2 педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен наградталса, 4 педагог «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, 6 педагог «Жамбыл облысы әкімінің құрмет грамотасымен», 1 педагог «Жамбыл облыс әкімінің алғыс хатымен» марапатталды.
Білім беру ісінің ардагер менеджері, 50 жылдық ғұмырын бір мектепке арнаған ардагер ұстаз және білім беру ұйымында ұзақ жылдар бойы әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болған 5 ардагер ұстаз «Мамандыққа адалдық», «Бір мектепке арналған ғұмыр», «Білім майданының көрінбейтін жауынгері» номинацияларымен марапатталып, кәсіподақтың 100 мың теңгелік сертификатына ие болды.
«Үздік педагогтарға сыйақы тағайындау» байқауының қорытындысы бойынша облыстың мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтары мен аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері «Үлкен жүрек», «Таланттар сәулесін жаққандар», «Ерен еңбек иесі», «Үздік әдіскер» номинациялары бойынша марапатталып, 150 мың теңгенің сыйақыларын алды.
Мұғалімдерге арналған кеш әсем әнмен әрленіп, ұстаздардың көтеріңкі көңіл-күйімен аяқталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-