АУДАННЫҢ ҮЗДІК КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫ АТАНДЫ
Ақтөбенің Мұғалжар, Темір, Қарғалы аудандарында «Үздік кәсіподақ көшбасшысы - 2024» аудандық байқауы өтті. Онда білім мекемелерінің кәсіподақ комитетінің жетекшілері өзара бақ сынасты.
Байқау бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің кәсіби мүдделерін, еңбек құқықтарын қорғауды жандандыру мақсатында өткізілді.
Аталған байқау алдын-ала белгіленген ережемен жүргізілді. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар негізгі жұмыс бағыттары бойынша «Портфолио» түріндегі кәсіподақ жетекшісі мен кәсіподақ ұйымының қызметі туралы материалдарды ұсынды. Екінші кезеңде байқауға қатысушылар еңбек заңнамасы бойынша сұрақ-жауаптан өтті, ал үшінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды. Шара соңында әр кезеңнің жалпы ұпайлары қосылып, қорытынды балдары шығарылды.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес жүлделі І орынды Мұғалжар ауданының Қандыағаш қалалық №4 жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуаныш Құрмашева, Темір ауданының Шұбарши мектеп-бөбекжай балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Анаргүл Мамирова мен Қарғалы ауданының «Бәйтерек» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ботакөз Кенжина иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
Байқау соңында белсене қатысқан барлық қстысушыларға аудандық кәсіподақ ұйымдарының Алғыс хаттары мен ақшалай сыйақылары, шипажайға жолдамалары табысталды.
Кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Сондықтан кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғаудағы, еңбек заңдылықтарының орындалуын бақылаудағы ауқымды жұмыс жүйелі жалғаса бермек…
-
Фотографии
-