ЖАСТАР және КӘСІПОДАҚ
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Олай болса, жұмысшы жастар – заманауи мемлекеттің стратегиялық әлеуеті емес пе?! Сондықтан да, елімізде жастар мәселесі қашанда өзекті әрі күн тәртібінен түскен емес. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына 65 мыңға жуық сала қызметкері мүше болса, оның 17 мыңнан астамы 35 жасқа дейінгі жастар. Яғни, әрбір 3-ші кәсіподақ мүшесі – жас жұмыскер.
Осы орайда, Жергілікті кәсіподақ ұйымы қалалық және аудандық кәсіподақ ұйымдары жастар кеңесінің мүшелеріне арналған облыстық семинар өткізді. «Жастар және кәсіподақ: болашақ бүгіннен басталады» тақырыбында өткен іс-шара барысында кәсіподақ мүшелігінде болудың тиімділігі мен артықшылықтары, салалық заңдар мен құқықтық актілерді қолдану мен пайдалану тәсілдері, ақпараттық жұмысты жүргізу сұрақтары талқыланды.
Алғашқы болып сөз алған Төраға орынбасары Жанболат Орынбеков «Ұжымдық шарт – мекемедегі еңбек қатынастарын реттеу құралы» тақырыбында дәріс оқыды. Өз сөзінде модератор биыл қабылданған 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарт нормаларына, соның ішінде жастарға, жас мамандарға қатысты әлеуметтік пакеттерге ерекше тоқталды.
Мұнан кейін облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Ришат Райф «Мен кіммін - Сен кімсің?» деп аталатын психологиялық тренинг өткізді. Тәжірибелі психолог мысалдар келтіре отырып білім беру ұйымдарында психологиялық қызметті үйлестіруден бастап жас мамандарға кәсіби құзыреттілікті арттыру, дағдарыстық жағдайларға, шағымдарға жауап беру, өзіңді қиын сәттерден алып шығу жолдарына дейін айтып өтті.
Ал Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жас мамандарға кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсат-міндеттері және құрылымы туралы түсіндіріп, кәсіподақ мүшелігінде болудың артықшылықтары мен тиімділігі туралы айтты.
- Жәй кәсіподақ мүшесі болу аз. Кәсіподақ мүшесі қоғамға, ұжымына пайдалы болуы тиіс. Осындай семинарлар арқылы біз сіздердің әріптестеріңіз, замандастарыңыздың бойында кәсіподақтық сананы қалыптастыруға аса мән береміз. Ең әуелі жастардың бойында рухани-адамгершілік, отансүйгіштік сезім, кейін интеллектік, құқықтық білім болғаны абзал, - деді Ерұлан Сәбенұлы өз сөзінде.
Семинар барысында «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров кәсіподақ ұйымдарындағы ақпараттық жұмыстың маңыздылығына тоқталып, кәсіподақтық ақпараттық ресурстар мен оларды тиімді пайдалану туралы түсіндірді. Семинар еңбек және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағатымен аяқталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-