ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ САЯХАТ ЖОЛДАМАСЫНА ИЕ БОЛДЫ
Білім беру ұйымдарының педагогтары мен қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиаданың облыстық кезеңі өтті.
Басты мақсат – білім беру ұйымдарының педагогтері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытын ұйымдастыру және рухани денсаулығын жақсарту, білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту.
Спартакиадаға 12 ауданнан және қала мектептеріне 13 команда қатысты. Жарыс өте тартысты болды. Жарысқа қатысқан ұстаздар қауымының арасында осалы болмады. Мұғалімдер командалық және жекелей жарыста бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады. Облыстық спартакиада спорттың 5 түрінен (Волейбол, шағын футбол, асық ату, үстел теннисі, тоғызқұмалақ) ауданның мұғалімдері жоғары нәтиже көрсетті.
Марапаттау шарасында “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова кәсіподақ мүшелерінің дене шынықтыру мен спортта да үлгі көрсетіп келе жатқандығына тоқталып, қатысушыларға жарыс жолында сәттілік тіледі.
Сонымен қатар шарада Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов спорттық жарыстың жоғары деңгейде өтуі қатысушылардың дайындығының арқасы екенін ерекше атап өтіп, жарыс жеңімпаздарын марапаттады.
Екі күнге созылған дүбірлі додада оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар мен ерекше көзге түскендерге естелік кубоктар мен медальдар, алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, сайыс қорытындысында облыстық кәсіподақ ұйымы жүз жеңімпаз қатысушыға Ташкент-Самарқанд, Шымкент-Түркістан және Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдама тарту етті.
-
Фотографии
-