ЖЕТІСУДА «КӘСІПОДАҚ БАРЫСЫНЫҢ» ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТКІЗІЛДІ
Ағымдағы жылдың 17-18 қазан күндері Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы Салалық кәсіподақтың 100 жылдығына арналған қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңін өткізді.
Турнирдің мақсаты - ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы
саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен дамыту басымдықтарын жүзеге асыру;
Кәсіподақ ұйымдары арасында шынайы бәсекелестікті дамыту мен кәсіподақ мүшелігімен қамтуға ынталандыру.
«Жетісу» жергілікті кәсіподағы төрағасы Мэлс Төлепбергенов облыстық іріктеу турнирінің салтанатты түрде ашылуымен құттықтап, қатысушыларға жүлделі орындар үшін табысты және адал күрес тіледі.
Жарысты өткізуге тікелей жетекшілік төрешілер алқасына жүктелді. Жарыстың бас төрешісі міндетін ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» спорт клубының қазақ күресінен жаттықтырушысы, қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төреші Келкенов Қанат Ерқасымұлы атқарды.
Облыстық іріктеуге 90 кг-ға дейін және 90 кг-нан жоғары салмақ бойынша боз кілемде 16 балуан бақ сынасты. Белдесу нәтижесінде 90 кг-ға дейінгі балуандар арасынан 1-орынды Дүзасу Дулат Ерғазыұлы, 90 кг-нан жоғары спортшылар ішінен 1-орынды Қойшыман Мұхит Тәңірбергенұлы иеленіп, Тараз қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алды.
Жеңімпаздар мен жүлделі орынға ие болған балуандарға облыстық кәсіподақ ұйымының атынан дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Ағымдағы жылдың 31 қазанында Тараз қаласында өтетін республикалық турнирде Жетісу өңірінің абыройын қорғайтын балуандарға бабымен қатар бағы бірге шабар белдесу тілейміз.
-
Фотографии
-