
ҚҰҚЫҚТЫҚ СЕМИНАР: ЗАҢГЕРЛІК КЕҢЕС
Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы педагогтер мен өзге де қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуы на әркез көмек беріп, қолдау көрсетеді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы өз мүшелерінің құқығын қорғау, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстайды. Бұл жұмыстар, әрине, әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда. Өңір педагогтерін толғандырған өзекті мәселелер әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің аясында оң шешімін тауып келеді.
Әріптестік туралы салалық және облыстық келісім бойынша санат бойынша педагогтерге ақы төлеу мәселесі жайында бүгінгі жиында айтылды. Онлайн платформада өткен семинарға Ырғыз және Темір ауданындағы 100-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен есепшілері, білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары қатысты қатысты.
Алдымен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова әлеуметтік әріптестік келісім туралы айтып, педагог мәртебесі туралы заң аясында атқарылуы тиіс мәселелерге жіті тоқталды. Семинарда ұйым төрағасы кәсіподақтың негізгі жұмысы мәдени-көпшілік шаралар мен сауықтыру емес, әрбір кәсіподақ мүшесінің еңбек құқығы мен кәсіби мүддесінің сақталуы, еңбек дауларының алдын алу, жұмыс беруші мен жұмысшы арасын әлеуметтік әріптестік арқылы дәнекерлеу екенін түсіндірді.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының құқықтық еңбек инспекторы, бас маман Александр Алимпиев пен еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша маман Нұрлан Жетпісбай қатысушыларға құқықтық кеңес беріп, әріптестік туралы салалық және облыстық келісімнің тармақтары туралы баяндады.
Айта кетейік, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылау кәсіподақтың негізгі жұмыс бағыттары. Облыстық кәсіподақ ұйымы әлеуметтік әріптестік арқылы, оның ішінде заңда белгіленгеннен де артық нормаларды ұжымдық шарттарға қосу және оны қабылдау, оның орындалуын бақылау, заңсыз қысқартулар мен жұмыстан босатудың алдын алу, лайықты жалақы төлеу, еңбек ұжымдарында дау-дамайларды болдырмауға басымдық береді.
Семинар барысында жұмыскерлерді конкурс бойынша қызметке қабылдау мәселелері, үстемеақы, жәрдемақы төлеу, педагогтердің аттестациядан өтуі, өзге де сала қызметкерлерінің әлеуметтік еңбек құқықтары мен мүдделеріне қатысты сан сауалға облыстық кәсіподақ ұйымының заңгерлері жауап берді.
-
Фотографии
-