КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ШИПАЖАЙДА ЕМ АЛУДА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы ұстаздардың құқығын қорғау, еңбек қатынастарын реттеумен шектелмейді. Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтуға да ерекше көңіл бөледі. Бұл ретте бала бағбаны атанған ұстаздар мен білім саласының мамандарының әлеуметтік мәселелерін шешу күн тәртібінен түспейді. Игі үрдіс бойынша аталған ұйым педагогтерді емдеу-сауықтыру шараларымен қамтып отыр. Күзгі демалысқа шыққан ұстаздар бұл жолы Жамбыл облысындағы «Merke Radon» шипажайына жіберілген болатын-ды.
Естеріңізде болса, мұғалімдердің кәсіби мерекесінде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы егемен еліміздің бәсекеге қабілетті ұрпағын оқыту мен тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсап, білім беру кеңістігінде ұзақ уақыт еңбек етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген 60 ұстазға емдеу-сауықтыру орталығына жолдама тарту еткен болатын.
Айта кетейік, «Merke Radon» - Қырғыз Алатауының Меркі шатқалында теңіз деңгейінен 720 метр биіктікте орналасқан отандық шипажай. Қырғыз Алатауының баурайынан бой тепкен шипажайдың басты ерекшелігі— радонды минералды суында. Мұнда педагогтер радон ваннасын қабылдап, тірек-қимыл ауруларының алдын алуға басымдық беруде.
Ғалымдардың айтуынша, радон адам организміне тері арқылы еніп, терідегі нерв нүктелеріне, сол арқылы бүкіл организмге әсер етеді. Шипажайда жылдың қай мезгілінде болмасын емдеу қалыпты өтеді. Мың түрлі аурудың дауасы мен шипасы осы шипажайда. Мұның адам ағзасына тигізер пайдасы көп. Аталған демалыс орнында барлық жағдай жасалған.
- «Мерке» суынан нәр, қуат алу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер көп. Ауасының өзі адамға ем-шипа. Қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде, тағамдары құнарлы, дәрумендерге бай. Ұстаздық жолымыздағы нәтижелі еңбегімізді ескеріп, осындай құрмет көрсетіп отырған кәсіподақ ұйымына алғысымыз шексіз, -деген сәлемін жолдапты.
-
Фотографии
-