
КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЯХАТҚА ШЫҚТЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен “Ташкент-Самарқанд” бағыты бойынша үш күндік тарихи-танымдық экскурсиялық саяхат ұйымдастырылды.
Жуырда ұстаздардың кәсіби мерекесі қарасыңында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының тарапынан білім беру саласында жемісті еңбек етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген 30 ұстазға көрші мемлекетке жолдама берілген болатын. Олардың қатарында білім саласында қажырлы еңбек еткен балабақша әдіскері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, мектеп директорының оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен пән мұғалімдері бар.
Білім қызметкерлері саяхаттың алғашқы күні Ташкент қаласындағы Ұлы жүздің биі Төле би кесенесіне барып, құран бағыштады. Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын тамашалады. Сондай-ақ, Сеуіл саябағы мен Ташкент city, Magic city туристік кешенін аралады.
Саяхаттың екінші және үшінші күні Самарқанд қаласындағы Өзбекстан Республикасының бірінші президенті И.Кәрімовтің кесенесіне, Бибі-Ханым мешітіне, Әмір-Темір кесенесі мен мұражайына барып, Регистан алаңының, Шахи-Зинда қорымының архитектуралық көрінісінің тарихымен танысты. Орта Азиядағы тарихи қаланың ерекше көрінісі саяхатшыларды тәнті етті.
Айта кетейік, туристік сапар аясында саяхатшыларды білікті гид маман жол көрсетіп, әрбір кешеннің тарихымен таныстырды.
-
Фотографии
-