АЛҒА АУДАНЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ДЕМАЛЫСТАН ОРАЛДЫ
Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Облыстық кәсіподақ әр оқу жылының күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы демалысы кезінде сала үздіктерін марапаттап, оларға шипажайларға тегін жолдама ұсынады. Бұл білім кәсіподағының игі дәстүріне айналған шара. Қоғамдық бірлестік биыл да сол үрдістен айныған жоқ.
Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының тарапынан педагогика саласында көпжылдық тәжірибесі бар, өткен оқу жылында жоғары жетістіктерімен дараланған, көптеген байқауларда топ жарған ұстаздарға шипажайларға жолдама тарту етілген болатын. Емдеу-сауықтыру орталығында тынығу - бұл жолы ауданының кәсіподақ мүшелеріне де бұйырды.
Қазіргі таңда аталған ауданының 40-қа жуық ұстазы «Айсары», «Сайрам» және «Шипагер» емдеу-сауықтыру орталығында болып, ем алып келді. Олар шипажайларда кешенді ем қабылдап, көрікті жерлерге саяхат жасап, күзгі демалыстарын ерекше өткізді.
Жоғарыда аталған шипажайлардың басты ерекшелігі — балшықпен емдеу. Бұл емдік балшық әртүрлі биологиялық белсенді заттармен байытылған. Оның құрамында ферменттер, витаминдер, гормонға ұқсас заттар және пайдалы микрофлора бар. Шипажайларда емдік электронды массаждар, ине терапиясы, галотерапия, аэроионотерапия, парафиноозокерит, фитобочка, түрлі фито шәйлармен ем жүргізіледі.
«Мұғалім мәртебесі - қоғамның абыройы. Ұстаздардың мерейін өсіріп, шипажайда демалып, денсаулығымызды нығайтуымызға көңіл бөліп отырған аудандық кәсіподаққа алғысымыз шексіз», - дейді алғалық педагогтер.
-
Фотографии
-