БАЙҒАНИН АУДАНЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ ҚОЛДАУ ЖАСАЛДЫ
Жылдағы үрдіс бойынша Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы тарапынан педагогика саласында көпжылдық тәжірибесі бар, жоғары жетістіктерімен көзге түскен, көптеген білім додаларында топ жарған ұстаздар және еңбегімен еленген қызметкерлерге көңіл бөлініп, шипажайларға жолдама тарту етілді.
Байғанин ауданы бойынша күзгі каникул кезінде 70-ке жуық кәсіподақ мүшесіне тарихи-танымдық саяхатқа, шипажайларға, жаттығу залдарына жолдама берілді.
Арнайы жолдамаға қол жеткізген ұстаздардың еңбегі де ерекше. Шипажайда демалып қайтқан ұстаздар қауымы үздік шәкірттерімен мақтанады. Ауылдың күйбең-тірлігінен алшақтап, бар назарын денсаулығын дұрыстауға аударған кәсіподақ мүшелері өздеріне көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасына, ұжымның ыстық ықыласына дән риза.
Кәсіподақ мүшелерінің бір легі «Сарыағаш», «Мерке» шипажайларында тынығып, ем қабылдаса, бір легі фитнес орталықтарында жаттығуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ ауданның жиырма кәсіподақ мүшесі киелі Маңғыстау өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа шықты.
Қорыта келгенде, кәсіподақ мүшелерін қолдау алдағы уақытта да жалғаса бермек.
-
Фотографии
-