АҚТӨБЕДЕ СЕМИНАР ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының заңгерлері қаладағы білім беру ұйымдарының келісім комиссиясының мүшелері үшін «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында семинар өткізді.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтары, еңбек дауларының себептері, ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал туғызудағы және кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтудағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін қорғау туралы жан-жақты тоқталды. Кәсіподақ заңгері еңбек дауларының туындау себептеріне қатысты нақты түсінік беріп, келісім комиссиясы туралы ережеге баса назар аударды. Сондай-ақ, семинарда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, келісу комиссиясының жұмыс принциптері және өкілеттіктері, келіссөздер жүргізу дағдылары, еңбек дауларын жанжалсыз шеше білу сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылады және кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан жасалады. Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы үш жылға дейінгі мерзімге, яғни ұжымдық шарттың немесе әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің әрекет ету мерзіміне құрылады. Қазақстан Республикасының «Еңбек кодексінің» 159 бабының 8 тармағына сәйкес Келісу комиссиясы мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндеттелінген болатын.
Семинарға 30-ға жуық келісу комиссиясының мүшелері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Тыңдаушылар семинардың практикалық пайдасын атап өтіп, ол заңнамалық арнада еңбек дауларын шешуге және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға көмектесетінін жеткізді.
-
Фотографии
-