ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҰЙЫМ облыстық мақалалар байқауының жеңімпаздары марапатталды
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен салалық «Еңбекші» газетінде Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына арналған «ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҰЙЫМ» облыстық мақалалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Мұғалімдер мен сала қызметкерлері арасында өткен байқаудың марапаттау рәсіміне салалық кәсіподақтың республикалық ұйымының төрағасы Айгүл Мұқашева арнайы қатысты.
Салалық кәсіподақтың құрылғанына 100 жыл толуына орай кәсіподақ көшбасшыларының жетістіктері мен табысты жолы, қоғамдық ұйымның әлеуметтік әріптестікті дамытуға, еңбек адамын дәріптеуге, қоғамда әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға қосқан әрекеті мен қызметінен хабар беретін, қазіргі кәсіподақ қозғалысының түйінді мәселелерін көтеріп, оған қоғам назарын аудару мақсатында өткен байқауға 40 жуық материал түскен болса, қазылар алқасының қарауына 32 жұмыс ұсынылған.
Қазылар құрамында ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» Оралхан Дәуіттен бөлек «Ақ жол» облыстық газетінің журналисі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова мен облыстық Оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы Шахризада Өсерова болды. Байқау нәтижесі бойынша «Ғасыр жасаған ұйымның даңқы ғасырларға жалғассын!» мақаласа үшін Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері Айғаным Асқарбек Бас жүлде иеленді. Ал І орын «Айбының асқақ болсын, алтын көпір!» мақаласы үшін Т.Рысқұлов ауданы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің мұғалімі Салтанат Қарасаеваға бұйырды.
«Қордайдағы кәсіптік білімнің қарашаңырағы» мақаласы үшін Қордай ауылшаруашылық колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Меруерт Нуркеева мен «Ұжымды ұйыстырған ұйым» мақаласының авторы Жамбыл ауданы Амангелді атындағы орта мектептің мұғалімі Сәуле Майкенова ІІ орынды иеленді.
Байқаудың ІІІ орын жеңімпазы болып «Ғасыр жасаған ұйым» мақаласы үшін Меркі ауданы М.Жылысбаев атындағы №14 мектептің мұғалімі Ақерке Қарнақова, «Ұстаздық жол – ұлағатты мәртебе» мақаласы үшін Талас ауданы Амангелді атындағы мектептің мұғалімі Салтанат Жолшыбек пен «Еңбек адамының қорғаны» мақаласы үшін Т.Рысқұлов ауданы №6 мектеп-гимназияның мұғалімі Гауһартас Тасқанбаева танылды.
Жергілікті кәсіподақтың Т.Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы Айнұр Баймұратова «Азаматтық қоғамның ғасырлық жобасы» мақаласы үшін байқаудың арнайы жүлдесін иеленіп, Салалық кәсіподақтың қаржылай марапатына ие болды. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйақы мен Диплом табысталса, өзге қатысушыларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар берілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-