
СӘКЕН МЕКТЕБІ - ҒАСЫР БИІГІНДЕ
Батыс Қазақстан облысында С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп–лицей-интернатының 100 жылдығы мен ұлт перзенті С.Сейфуллиннің 130 жылдығына орай 8 қараша күні екі бөлімді қамтыған шара өтті.
Шараға Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев қатысты.
Бірінші бөлім бойынша «Сәкен Сейфуллиннің әдеби мұрасы, қоғамдық қызметі және білім мен тәрбие берудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы Республикалық ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық отырысы өтті. Отырысқа Астана және Алматы қалалырынаа арнайы келген қадірлі қонақтар мен ғалым-зерттеушілер, ұстаздар қауымы ұлт ардақтысы - Сәкен Сейфуллиннің әдеби жауһарлары мен қоғамдық қызметі хақындағы зерттеу мақалаларын көпшілік талқысына салды.
Танымдық бөлім кейін салтанатты концерттік бағдарламаға ұласты. Бас қаладан арнайы келген белгілі актер, әнші ақын-драматург Жүнісов Қанат Құрмашұлы «Сәкен Сейфуллин» қойылымымен шығармашылық бөлімнің шымылдығы түріліп, ақын монологі оқылды.
Мектепті ширек ғасырдан астам уақыт басқарған «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» Ерсайын Қадырұлы Сапаров пен мектеп түлегі, экс-министр, сенатор Бірғаным Сарықызы Әйтімова мерейтойлық жинақтың тұсауын кесіп, көпшілік назарына ұсынды.
Шара барысында білім беру саласында ұзақ жылдар қызмет еткен ардагер ұстаздар мен кәсіби жетістікке жеткен ұстаздарға төсбелгілер мен «Құрмет» грамотасы, «Алғыс хаттар» табысталды.
Төраға Марат Даупаев Орталық комитеттің «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісі, «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісі, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі, «Кәсіподақ ардагері» белгісімен және Құрмет грамоталарымен бірқатар кәсіподақ белсенділерін марапаттады.
Мектеп басшысы Шынар Мүлкайқызының құттықтау сөзімен қорытындыланған шара мерекелік отшашумен түйінделді. Шараға Астана қаласынан арнайы келген Сәкен Сейфуллиннің нағашы қарындасы Әбіш Асылгүл Рахымжанқызы, ақын-драматург, Сәкентанушы Жүнісов Қанат Құрмашұлы, қоғам қайраткерлері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, облысымыздың білім саласының қызметкерлері,баспасөз қызметкерлері, ардақты ардагерлер және мектептің құрметті түлектері қатысты.
Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы
-
Фотографии
-