ҮЗДІК КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫ АТАНДЫ
Ақтөбенің Ырғыз және Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен «Үздік кәсіподақ көшбасшысы – 2024» байқауы өткізілді.
Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің кәсіби мүдделерін, еңбек құқықтарын қорғауды жандандыру мақсатында өткен сайысқа қатысқан көшбасшылар өз ұжымында атқарылып жатқан кәсіподақ жұмысы туралы видеоролик дайындап, еңбек заңдылығы мен ұжымдық шарт және тағы да басқа сұрақтарға жауап беріп, өз өнерлерін көрсетіп, өзара бақ сынасты.
Сайыс қорытындысына сай Ырғыз балалар өнер мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Динагүл Ермахан мен Ойыл қазақ орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гулбану Бегалина жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» сайысының облыстық кезеңіне жолдама алды.
Екінші орынды Көркемсурет мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұргүл Үмбетова мен Оқушылар үйінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәуле Құрманқұлова қанжығаласа, үшінші орынды №1 қазақ жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлжаһан Шахуова мен Жолшы бөбекжай бақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ментай Өтеуова иеленді.
Сайыс соңында белсене қатысқан төрағаларға аудандық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары мен сыйлықтары, тарихи-танымдық саяхатқа жолдама табысталды.
-
Фотографии
-