КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Бүгін Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Жуалы ауданында «Еңбек даулары және оларды шешудегі Келісу комиссияларының рөлі. Еңбек дауларын сотқа дейін қарау тәжірибесі» тақырыбында Келісу комиссиясы мүшелеріне арналған облыстық семинар өтті. Семинарға Жуалы ауданы білім мекемелері мен ұйымдарында құрылған 300-ден аса комиссия мүшесі қатысты.
Оқу семинарын ашып, мақсат-міндеттерімен таныстырған Жергілікті кәсіподақтың төраға орынбасары Жанболат Орынбеков өз сөзінде жеке еңбек дауын сотқа дейін шешудің тиімділігі туралы айтса, Жуалы аудандық сотының судьясы Байжан Жамалбекұлы еңбек дауларын сотта қарау тәжірибесі мен Келісу комиссияларының рөлі мен орнына тоқталып, дауды сотқа дейін шешудің артықшылықтарын түсіндірді.
Семинар барысында білім мекемелері мен ұйымдарын тексеру барысында жиі кездесетін заңбұзушылықтар мен олардың алдын алу туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы Еркін Ибраимов айтып өтті. Мұнан соң Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова сөз алып, Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздері, Келісу комиссиясын құру мен оның жұмыс тәртібі, іс құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Семинарды Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева модераторларға алғыс білдіре отырып, әріптестерін еңбек ұжымдарында басымдықты дауларды болдырмауға беруге, ал орын алған жағдайда заң шеңберінде шешуге шақырып қорытындылады. Семинар соңында қатысушыларға оқудан өткендігі туралы сертификат берілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фотографии
-