
КӘСІПОДАҚ ҰЖЫМ МҮДДЕСІН ҚОРҒАП ЖҮР МЕ? кәсіподақ активіне арналған облыстық-семинар кеңес өтті
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының жоспарына сәйкес Шу ауданында «Кәсіподақтың Шу аудандық Филиалының кәсіподақ оқуларын ұйымдастыру мен ақпараттық жұмысты жүргізу тәжірибесі» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті.
Аудандық Оқушылар сарайында өткен семинар кәсіподақ активінің біліктілік деңгейін арттыру, кәсіподақ жұмысында жаңа технологияларды қолдану аясын кеңейту, сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің алынған білім мен машық негізінде анағұрлым белсенді көзқарастарын қалыптастыру мақсатын ұстанды.
Жергілікті кәсіподақ аппараты мен аудандық филиал жетекшілері, Шу аудандық комитетінің активін қоса есептегенде 200 жуық адам қамтылған семинар психологиялық тренингпен ашылып, Шу ауданындағы жарғылық мақсат-міндеттердің жүзеге асыруын баяндайтын деректі фильммен жалғасты. Мұнан соң Шу аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Аида Бекмурзина жарғылық міндеттерді іске асыру бойынша жалпы ақпарат беріп өтті.
Ал «Кәсіподақ оқуларын ұйымдастырудағы кәсіподақ үйірмелерінің рөлі» тақырыбында М.Х.Дулати ат ом БКҰ төрағасы, кәсіподақ үйірмесінің модераторы С.Шевченко баяндаса, М.Әуезов атындағы ом директоры Д.Татибеков «Кәсіподақ ұжым мүддесін қорғап жүр ме?» тақырыбында ой қозғады.
Семинардың екінші бөлімінде қатысушылар 3 топқа бөлініп, ұйымдастырушылар алдын-ала дайындаған тақырыптарды оқытудың түрлі әдісі бойынша қорғап шықты. Атап айтқанда, бірінші топ «Келісу комиссиясы - еңбек дауларын шешудің тиімді құралы» тақырыбын рөлдік ойындар арқылы ашса, екінші топ ұжымдық шартта қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді кейс әдісімен көрсетті. Ал үшінші топ кәсіподақтағы ақпараттық саясатты техникалық сұрақтар қою арқылы тарқатты.
Семинар соңында сұрақ-жауап сағаты өтіп, Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған эксперттер тобы семинарды талқылап, ой-пікірлерімен бөлісті. Нәтижесінде семинардың жоғары деңгейде өткендігі атап өтіліп, Шу аудандық комитеті мен активіне алғыс жарияланды.
Семинардан кейін Жергілікті кәсіподақтың Атқару комитетінің көшпелі отырысы өтіп, күн тәртібінде кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерін сауықтыру, Кәсіподақтың Талас аудандық ұйымындағы бухгалтерлік есептің жүргізілу жағдайы, кәсіподақтық басылымдарға жазылуды ұйымдастыру сынды бірқатар мәселелер қаралып, әрқайсысы бойынша тиісті шешім қабылданды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.