
ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ БІЛІМ МЕКЕМЕСІНІҢ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері Ақтөбе автожол колледжінің елу жылдық шарасына қатысты.
Айтулы шара ардагерлер мен ұстаздардың, колледж серіктестерінің, білім саласы өкілдерінің қатысуымен өтті.
Білім ғимаратында аға буын ардагерлер мен ұстаздар сағыныса қауышып, өткен жылдардың естеліктерін ортаға салды.
Салтанатты шарада колледж директоры Ғалия Жұмағазина құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады. Мерекелік шара барысында білім мекемесінің тарихы мен ұстаздардың өткен өмірінің естеліктерінен сыр шерткен туынды көрермен назарына ұсынылды.
“Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова колледж ұжымын мерейтоймен құттықтап, марапаттар табыстады. Салтанатты шара барысында бірқатар кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсетілді. Кәсіподақ көшбасшысы білім саласына сіңірген еңбектері үшін кәсәподақ мүшелеріне ұйым атынан бір миллион теңгелік сертификатты табыс етті. Сонымен қатар колледж директоры Ғалия Жұмағазина “Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Сағыныш Елеусізова «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек облыстық кәсіподақ есебінен колледждің 5 кәсіподақ мүшесіне шипажайға жолдама сертификаты мен құрмет грамотасы табысталды.
Мерекелік шараға қатысқан меймандар ізгі тілектерін білдіріп, колледж қызметкерлерінің еңбектеріне жеміс тіледі.
-
Фотографии
-