АҚТӨБЕДЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКТОРЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тексеру және есепке алу» тақырыбында семинар өтті. Семинар білім беру ұйымдарының техникалық инспекторларына арналды.
Семинарда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова туындайтын еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін қаралатын мәселелердің қаншалықты маңызды және өзекті екенін айтып өтті.
Семинарда Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талғат Искарин еңбек саласындағы техникалық инспекторлардың рөлі туралы баяндады. Сондай-ақ, техникалық инспекторлар мен жұмысшыларға өздері жұмыс орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысу қажеттілігі туралы айтылды. Талғат Жақсылықұлы білім беру ұйымдарында еңбекті қорғауды басқару жүйесін реттейтін еңбек заңнамасының және нормативтік-құқықтық актілердің негізгі ережелері туралы түсіндірді.
Айта кетейік, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Бақылаудың мақсаты - жұмысшылардың салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың алдын алу, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды дұрыс және уақтылы тергеп-тексеруді және есепке алуды бақылау, жұмыскерлердің денсаулығының өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды толық көлемде өтеу болып табылады.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай еңбек жағдайындағы жазатайым жағдайлардың алдын алуда кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестермен бірлескен шараларының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ұйым заңгерлері жалпы еңбек жағдайын жақсартуда, қоғамда әлеуметтік еңбек мәселелерін шешуде кәсіподақтардың құзыреттілігін арттыру туралы тілге тиек етті.
Семинар соңында қатысушылар еңбекті қорғау, кәсіподақ мүшелерінің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларының құқықтары бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Семинарға қатысқан кәсіподақ мүшелері ұйымдастырушыларға алғыс айтып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша осындай оқыту семинарларын өткізу қажеттігі туралы ұсыныстар айтты.
-
Фотографии
-