НҰРЗАДАНЫҢ НҰРЛЫ ӘЛЕМІ
Адамның тәрбиесінің бастауы балабақшадан басталады. Жүздерінен мейірім төгілетін балажанды, қамқор тәрбиешілер – балалардың санасы сергек, ойлары түзу болып қалыптасуына бірден бір себепші жандар. Балапанның былдыр тілін түзулеп, тақылдатып тақпақ, шырқатып ән салдыратын, әр үйдің еркесінің бойынан қандай да бір таланттың ұшқынын байқаса оны дамытып, әр қарай жұмыстанатын да осы – балабақша ұстаздары.
Облысымызда сан алуан балабақша бар. Соның ішінде №8 «Алтын сақа» бөбекжайын жергілікті халық ерекшелеп айтады. Өйткені әрбір оқу жылы соңында Маңғыстау облысының №8 «Алтын сақа» бөбекжайын бітірген кішкентай бүлдіршіндерді 1-сынып ұстаздары таласа жүріп өз сыныптарына алып кетеді. Өйткені ол бөбекжайды аяқтап шыққан балалар білімге алғыр, оқуға зейінді немесе айрықша өнерімен, өзгеше дарынымен өзгелерді тамсандыратын балалар болып мектеп табалдырығын аттайды.
Бала бойындағы бұғып жатқан сырды сұңғылалықпен суырып алып, кішкентай ғана сәулені жарыққа айналдырып отырған бұл үлкен іс – «Алтын сақа» бөбекжайының әдіскері Нұрзада Ыбырайдың жанкешті еңбегі, үздіксіз тынымсыз атқарған жұмысынан, өз ісіне деген адалдығынан туындап жатқанын біреу білсе біреу білмес. Нұрзада Көмекқызы аталған балабақшада 2014 жылдан бері қызмет етеді. Ол – өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі ұстаз. Оның балалармен жасайтын жұмыстарының өзіндік ерекшелігіне, педагогикалық іс шеберлігіне әріптестері қызыға қарайды. Баламен ғана емес, ұжыммен ортақ тіл табысып, бөбекжай тәрбиешілеріне бағыт- бағдар беріп, оларды өз істеріне ынталандырып отырған шебер әдіскер.
Нұрзада Көмекқызы мектепке дейінгі білім беретін ұйымдар арасындағы «Үздік әдіскер» атағын иеленіп, бірнеше жылдан бері алдыңғы орыннан түспей келеді. Оның бір себебі – инклюзивті білім берудің басымдықтарын пайдаланатын «Алтын сақа» бөбекжайында Нұрзада Ыбырайдың жетекшілігімен ерекше білім беруді талап ететін балалар оң нәтижемен балабақшаларын аяқтап, медициналық есепке алынған балалар есептен шығарылып жатыр.
– Педагогтардың білімі көтерілсе мектепке дейінгі тәрбиелеу орындарындағы балалардың да ой-танымы өседі. Мен күні-түні соған жұмыстанамын, әр түрлі инновациялық технологияларды пайдаланамын. Әдіскер болғаннан кейін барлық педагогтердің жұмысын қадағалап, олардың жұмыс жоспарларын жасауға, тәрбие беру бағыттарын бақылап, сабақтарын жоғары деңгейде өткізуіне өзім жұмыстанамын. Қазір аса маңызды нәрсе – инклюзивті білім беруді қажет ететін балалар жылдан-жылға көбейіп жатыр. 2020-2021 жылдарда 8 бала болса, одан кейін 9-10 бала. Жылдан-жылға саны өсіп жатқаны қынжылтады. Алайда қоғамның жарасын біз болып, сіз болып емдемесек, кішкентай періштелердің үлкен өмірге дені сау, ақылы толысқан, саналы азамат болып баруына біз атсалыспасақ, ол – адами, маман ұстанымымызға сын. Біз балабақша ұжымы болып жасаған жұмыс тәжірибелердің қорытындысында жақсы жетістіктерге жетіп, жыл соңында 3 бала қып азайтамыз, өкінішке орай, биыл жаңа оқу жылында тағы 9 балаға толығып отыр. Олар – көбіне 3 пен 5 жас аралығындағы балалар. Арнайы инклюзивтік білім бағдарламасы бойынша қалыпты балалардың деңгейімен бірдей болу үшін мұндай балалар қазір дені сау балалармен бірге бір топта жүреді. Өйткені мүмкіндігі шектеулі баланы қалыпты балалармен бірге тәрбиелеу арқылы барлық балаларға деген теңдік қатынас жасау мақсат етілген, – дейді Нұрзада Ыбырай.
«Алтын сақа» бөбекжайының әдіскері Нұрзада Көмекқызы балалардың барлығына бірдей күнделікті артикуляциялық жаттығулар, нейрожаттығулар, тыныс алу, логоритмикалық жаттығулар, ұсақ қол маторикасы, массаж, степ азробика жаттығулар жасалатындығын айтты. Оны арнайы психолог, логопед, дефектолог, медик мамандар өткізеді екен.
– Жалпы кез келген балаға артикуляциялық жаттығу керек. Дыбыстарды дұрыс қалыптастыру үшін біз арнайы жаттығулар қолданып, жаттығулар дыбысқа байланысты жүйеленіп, ерін, тіл қимылдарының қалпын дағдыландыруға бағытталады. Балаларды қызықтыру үшін және жаттығуды ойларына сақтап қалу үшін әр жаттығуға әр түрлі атау береміз. Мысалы, «Ине» жаттығуында ауызды кең ашып, тілді жіңішкертіп шығарып 10-15 секунд ұстап тұрамыз. Бұл жұмысты педагог мамандар атқарады. Сондай-ақ ертегі желісімен кейіпкерлерді сомдау әдістері арқылы жұмыс жасаймыз. Бала сұрақ қоюмен өседі.
Осы бағытта логоритмикалық ойын жаттығулары түзете-дамыту жұмыстарында неғұрлым пайдалы әсер беретіндігін дәлелдегім келді. Сондай-ақ логоритмикалық жаттығуларға арнайы әуені мен сөзін жазып, педагог-тәрбиешілерге, музыка жетекшісіне бердім. Балалардың тіліне жатық, оңай, қысқа сөздерді қолданып, музыка мен қимылдарға арналған ойындарды қолданып, дыбыстарды машықтандырып, ән айту дағдылары мен тыныс алуды дамытуға арналған вокалдықартикуляциялық жаттығуларды жасадық. Мысалы: «Қане, қане, балалар қолымызды соғайық. Қанша саусақ бір қолда, саусақтарды санайық» деп баланы саусақтарымен жұмыс жасауын әнмен, ырғақпен сүйемелдейміз.
Артикуляциялық бұлшықеттердің үйреншікті жұмысының бұзылуы баланың дыбыстар мен сөздерді дәл айтуына кедергі келтіреді. Сөйлеу аппаратына тіл, ерін және бет нервтері жатады. Мұның бәрі балалардың сөйлеуін дамытуда маңызды рөл атқарады. Массажды логопед маманы жасайды және кез келген баланы қабылдай алмайды, арнайы невропатолог маманының рұқсаты болуы шарт», – дейді Нұрзада әдіскер.
Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде балалармен ерінбей етене жұмыс жасаудың соңы олардың тіл кемістігі түзетіліп, қимыл-қозғалыс белсенділіктері артып, ұсақ қол моторикасы дамып, ойлау қабілеті жетіліп, зейін көлемі де тұрақталуына алып келеді екен. Сондай-ақ эмоциялық сезімдері оянып, қарым-қатынас дағдылары да артатын көрінеді.
Ол қызмет атқаратын бөбекжай балапандары балабақшалар арасындағы қандай байқауға қатысса да бас бәйгені бермейді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, кемеңгерлік пен көрегенділікті меңгерген Нұрзада ұстазының көзіне іліккен жас балапандар болашақтың жарық жұлдызы болатындарын балабақшаларында жүріп дәлелдеп жүр. Мәселен соңғы 3 жылдықтағы жетістіктердің жартысын тізбелесек, 2021 жыл Мұнайлы ауданы бойынша «Ер есімі – ел есінде сырттай мәнерлеп оқу байқауы ІІ орын; 2021 жыл аудандық «Жүректің жылуын анама сыйлаймын» сурет салу байқауы І орын; 2022 жыл «Әкеге қарап ұл өсер» сырттай бейнеролик байқауынан І орын; 2023 жылы 3-6 жас тәрбиеленушілер арасында өткен «Үміт» фестивалінен І орын, 2023 жыл «Ханталапай» байқауынан ІІ орын; 2023 жыл Маңғыстау облысы білім берудің оқу-әдістемелік орталығының сырттай 3–6 жас тәрбиеленушілер арасында өткен «Үміт» фестивалінен І орын иеленген.
Ал, инклюзивті білім беру бағыты бойынша ата-аналармен екі аптада бір рет кездесу өткізіп, олармен байланысты күшейту мақсатында «Сыр сұқбат» деп аталатын кішкентай сандықша ойлап шығарады. Оған ата-аналар аты-жөнін жазып, сырын, баласы туралы ойын, өзінің отбасында қандай тәрбие қолданатындығын жазады. Ата-ана хатымен тек өзі ғана таныс болатын Нұрзада олардың құпия хаттарын оқып, балаға ата-ана тарапынан қандай көмек қажетілуі тиіс болса психолог, дефектолог, логопед мамандармен кеңесіп, ортақ жауап іздейді.
Осылайша, қамкөңіл аналардың баласы туралы көңілдерінде жүрген сұрақтарын сейілтеді, жүректеріне үміт сыйлайды, баласына деген сенімдерін нығайтады. Нұрзада ұстаздың айтуынша, ата-ананың баласының болашағына деген титтей де күмәнсіз сенімі, үлкен үміті болуы тиіс, бұл – баланы алға жетелейтін алып күш. Әр түрлі тақырыпта дөңгелек үстелдер, семинарлар, тренингілер, дебаттар, спорттық шаралар ұйымдастыратын, жаңа әдіс-тәсілдер пайдаланып, мониторинг жүргізетін Нұрзада әдіскердің жұмыстан бір күні де бос емес.
Өзінің үздік әдістемелік оқу жоспарының нәтижесі балабақша педагогтерінің ой-танымын, шығармашылық қабілеттерін арттырып, ұйымшыл, тату, бір-біріне жанашыр ұжымға айналды. Денсаулығы қалыпты балалардың мүмкіндігі шектеулі балаларға жанашырлығы, аяушылығы артып, қамқорлық сезімдері оянды. Қоршаған ортаға мейірімділік танытуға, бір-біріне қамқор болуға дағдыланды. Бұл – ұстаз үшін үлкен еңбек. Мұндай жанкештілік, адал еңбек ұғымы ұлт сапасының жақсаруына алып келетін құндылық. Қоғамды ізгілендіру – осындай адал еңбек иелерінің қолымен жасалады.
Өнімді ісімен өрге басқан Нұрзада ұстаз республикалық, халықаралық форумдарға қатысып, баяндама оқып, өз ізденісін, ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс жасаудың қыр-сыры мен іс-тәжірибесін бөлісіп жүр. Еңбегі бағаланып, 2023 жылы Маңғыстау облысы әкімінің «Үздік педагог» байқауының «Үздік сыйлық иегері» атанды. 2024 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі» құрмет дипломын алды.
Ата-анасы да біле бермейтін бүлдіршіннің бейіміне байқампаздық жасап, бала тілін табудың түрлі әдістерін қолдану арқылы бүлдіршіннің бір қырын тауып алатын көреген ұстаз Нұрзада балабақша тәрбиеленушілерін өнерге баулудан жалыққан емес. Ұстаз деген аттың өз биігінен табылып жүрген, өз ісіне адал, әділ, жауапты мұндай абзал жандар үлкен құрметке лайық.
Маңғыстау облысы, Мұнайлы аудандық филиалы