ЖАМБЫЛДА АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы биылғы соңғы Атқару комитетінің отырысын өткізді. Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өткен алқалы жиынға аудандық филиал жетекшілері мен құрылымдық бөлім басшылары, құқықтық еңбек инспекторлары мен есепші-мамандар, Атқару комитеті мүшелері қатысты. Мәжілісті Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, жүргізді.
Күн тәртібінде қаралатын мәселелер бекітілген соң, кәсіподақ төрағасы қатысушыларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерге тоқталды.
- Бір жыл ішінде кәсіподақ қызметкерлерінің қатысуымен қыруар шаруа атқарылды. Оның ең көлемдісі – Салалық кәсіподақтың ғасырлық тойын облыс деңгейінде кең көлемде атап өттік. Іс-шаралар қатарында «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» фестивалі, «Ғасыр жасаған ұйым» мақалалар байқауы, «Кәсіподақ барысы» турнирі, тәжірибемізді республика көлемінде таратқан семинар, облыстық ұйымның көшпелі семинарлары мен 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы облыстық келісім мен ұжымдық шарттардың қабылдануы. Енді кәсіподақ мүшелерімен өткен кездесулерде көтерілген мәселелер мен Орталық Комитеттің Атқарушы органының және Кәсіподақтар Федерациясының Бас Кеңесінде қабылданған шешімдерді орындау жоспарын жасақтап, бағытымызды айқындауға тиіспіз, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Осы ретте, Атқару комитеті өз құзыретіне берілген құқық бойынша 2025 жылдың қаңтар айына Жергілікті кәсіподақтың облыстық комитетінің кезекті IV Пленумын шақырды. Сонымен бірге, Жергілікті кәсіподақтың 2025 жылға арналған жұмыс жоспары мен кәсіподақ активін оқыту жоспарын бекітті. Алқалы жиын барысында сала қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін сауықтырудың 2024 жылғы қорытындылары қаралып, алдағы 2025 жылға жоспары нақтыланды.
Бұдан соң Тараз қаласы мен Шу, Қордай, Т.Рысқұлов және Меркі аудандары бойынша кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекторлары жұмысының есептері тыңдалды. Сондай-ақ, Жуалы және Сарысу аудандық филиалдарының кәсіподақтық мүшелік жарналарды жинау мен жұмсау, қаржылық тәртіп пен есептілікті ұйымдастыру, Бақылау-тексеру комиссияларының жұмысын зерделеу нәтижесі қаралды.
Жиында Төраға орынбасары Жанболат Орынбеков пен құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова әлеуметтік әріптестік туралы 2024-2026 жылдарға арналған облыстық Келісім мен Ұжымдық шарттарға қосымша келісімдер қабылдау барысы туралы ақпаратпен таныстырды.
Атқару комитетінде 2025 жылға кәсіподақтық және салалық мерзімді басылымдарға жазылымның нәтижелері туралы «Еңбекші» салалық газетінің Бас редакторы Бейбіт Бекназаров ақпарат беріп, 2024 жыл қорытындысы бойынша үздік жазылым ұйымдастырған филиалдарды атап өтті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы
-
Фотографии
-