
ШЫҒАРМАШЫЛ ҰСТАЗДАРДЫҢ ШЫҢДАЛУ АЛАҢЫ
Жаңа жыл басы білім саласындағылар үшін ерекше серпінмен бастау алды. Педагогтардың жылдағы дәстүрлі тәжірибе алаңы биыл мақсатты мектеп басшыларына арналған алаң ретінде қолға алынды. Соған орай, Жаңақорған шипажайында Облыстық кәсіподақ комитетінің қаржылай қолдауымен Тәжірибе алаңы өз жұмысын бастап, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, педагогикалық озық идеяларын ұсынуға мүмкіндік алуда.
Аталмыш шарада «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының өкілдері, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен 100-ге жуық мектеп басшылары бас қосып, шығармашылықпен жұмыс жасайтын педагогтардың үздік әдістемелік тәжірибесін айқындап, саралап, егемен еліміздің өскелең ұрпағын оқыту мен тәрбиелеудің озық әдістемесін қалыптастыруға күш жұмсауда.
Алаңның ашылу салтанатында сөз алған Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлнар Бабабекқызы мұғалімдердің әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру, мәртебесін көтеру және әдістемелік жұмыс жүйесінің бірегейлігін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алаң жұмысына сәттілік тіледі.
Жылдан-жылға өз алаңының өрісін кеңейтіп, қанатын құлаштап жайып келе жатқан Тәжірибе алаңында қызықты әрі мазмұнды жұмыс бағдарламасымен қатар, түрлі бағыттар бойынша шеберлік сыныптары, конференциялар, кәсіби байқаулар мен танымдық сайыстар ұйымдастырылмақ.
Ал, алдағы уақытта аталмыш ауқымды шараға қатысқан білікті ұстаздарымыздан тың идеялар мен озық ұстанымдарға толы нәтиже күтеміз!
-
Фотографии
-