ЕҢБЕК АДАМЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Ұстаз деген ұлы есімді үлгі тұтқан халықпыз. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, шәкірттеріне жақсы тәлім – тәрбие берген ұстаздарымыз аз емес. Осындай ұлы атты асқақтатып жүрген Талықорған қаласындағы №14 орта мектеп – гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Батырша.
Ол киелі Күреңбел өңірінде дүниеге келіп, Жетісу облысының Ескелді, Көксу аудандарында білім саласында қызмет еткен. Бүгінгі күні облыс орталығы Талдықорған қаласында ұстаздық жолын жалғастыруда.
Қырық жыл еңбек өтілі бар Сәуле Нүсіпжанқызы мектеп табалдырығын аттаған шәкірттерге әліппені ұстатып, мыңдаған оқушының сауатын ашқан. Еңбек жолында бірқатар жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық және республикалық марапаттармен марапатталған. «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.
Оқушылары да биік белестерді бағындырып келеді. Түрлі олимпиадаларда топ жарып жүр. Білімді де, білікті ұстаз бүгінгі таңда зейнет жасына жетті. Осыған орай, білім саласында табанды еңбек етіп, шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп, ұстаз деген ұлы есімді арқалап жүрген Батырша Сәуле Нүсіпжанқызына «Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Төлепбергенов арнайы барып құттықтап, «Еңбек адамы» төс белгісін табыс етті.
Ұжымда сыйлы, кішіге ізетпен қарайтын, Сәуле Нүсіпжанқызы еңбек жолында көптеген белестерді бағындырғанын айтып, кәсіподақтың өкілдеріне алғыс білдірді. Мектеп директоры Жазира Естібаевада ұжымның атынан өзінің құттықтауын жеткізіп, кәсіподақтың қолдаушы екенін жеткізіп, ризашылығын білдірді.
«Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері
«Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі