
ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытуда, оның жан-дүниесін оятып, өнерге талпынысын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі қара домбырасының рөлі ерекше. Осы киелі қара домбыраны өзіне серік етіп, жас өрендерді өнерге баулып жүрген жандардың бірі – Ақтөбе облысы, Қарғалы аудандық балалар өнер мектебі Юнеско клубының домбыра класының мұғалімі – Қалағанов Бағдат Амандықұлы.
Қалағанов Бағдат Амандықұлы – Шалқар ауданында дүниеге келген. 2014 жылы Қызылжар орта білім беретін мектебін бітіріп, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің Музыкалық білім беру мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын 2017 жылы Қарғалы аудандық балалар өнер мектебінің Юнеско клубының домбыра және театр бөлімінің ұстазы болып бастады. 2017 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің музыкалық білім беру мамандығына оқуға түсіп, 2020 жылы аяқтады.
Бағдат Амандықұлы - жас буынды тәрбиелеуге ерекше үлес қосып жүрген еңбекқор жас ұстаздардың бірі, Қарғалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған жастар кеңесінің төрағасы, өз ісінің үздігі, сондай-ақ мамандығын мақтанышы санайтын жандардың қатарында.
Бағдат Амандықұлының ұстанымы – әр оқушының бойынан жақсы қасиеттерін таба отырып, бәсекеге қабілетті, білімге, өнерге деген қызығушылық деңгейі жоғары ұрпақ тәрбиелеу.
Бағдат Қалағанов ауыл балаларына сапалы білім беріп, үздіксіз ізденіп жүрген жас маман болғанымен, бүгінге дейін облыс көлемінде қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Жас болса да ұстаздық жолда үлкен жетістікке қол жеткізген ол бүгінде дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде үздіксіз еңбек етуде. Шәкірттеріне үздіксіз тәлім-тәрбие беру арқылы, оқушыларын халықаралық, респуликалық, облыстық байқауларға қатыстырып, жүлделі орындарды қанжығаларына байлап келді. Оқушылары 2019 жылы «Талантты Қазақстан» халықаралық байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, Ташкент қаласына жолдамаға ие болды. 2022 жылы Алматыда өткен «Алға Қазақстан» республикалық байқауында ІІІ орынды, 2023 жылы және 2024 жылы халықаралық XVI Ұлттық дельфий ойындарында ІІ орынды иеленді.
Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – Бағдат Амандықұлының еңбегінің бір парағы.
Әрбір ұстазынан үлгі-өнеге алған Бағдат Қалағанов сол ұлағатты жандардың ізімен жүріп келді. Бойына өмірден біліп-түйген тәжірибесін сіңірді. Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде жас ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, жыл сайын шығармашылық байқаулардың жүлдегерлерін дайындағаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Жетістіктері:
2021 жылы білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасы;
2022 жылы «Алға жетістікке - 2023» республикалық театр байқауының Алғыс хаты;
2023 жылы XV Ұлттық Дельфий ойындарының Алғыс хаты;
2024 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының Алғыс хаты;
2024 жылы Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Алғыс хаты.
Өз мамандығын мақтан тұтып, өз ісіне жан-тәнімен берілген жас кәсіподақ мүшесінің бағындырар биіктері әлі алда деп сенеміз...
-
Фотографии
-