ХРОМТАУЛЫҚ ЖАС ҰСТАЗДАР СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТА БАС ҚОСТЫ
Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен жас ұстаздар арасында қысқы футбол ұйымдастырылды. Қыс мезгілінің дәл ортасында өткен жарысқа білім мекемелерінің жас кәсіподақ мүшелері қатысты.
Спорттық шараның басты мақсаты — жас ұстаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, аудан педагогтарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Жастармен басқосуда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының маманы Айжарық Серімбетов мұғалімнің миссиясы мен сол мамандықтың құндылығына тоқталып, кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары, жастармен жұмыс туралы тілге тиек етті.
Шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Шерхан Отаров сөз сөйлеп, жастардың бүгінгі ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудегі еңбектеріне сәттілік тіледі.
Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлжан Ақанова айтуынша, аудандағы білім қызметкерлерінің дене шынықтыру мен спортта да үлгі көрсетіп жүрген жастары жетерлік, оларға үнемі кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіледі.
- Ел болашағын жарқын етуде жастардың үлесі зор. Жаңашыл бастаманың жанынан табыла білетін кәсіподақ ұйымы аудан жастарының ғана емес, ауыл жастарының дамуына да өз септігін тигізіп келеді, - дейді Г.Ақанова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қысқы футболдан турнир жыл сайын өткізіледі. Биыл жарысқа аудан мектептерінен 8 команда қатысты.
Қысқы футбол сайысы мұғалімдердің спорттық жетістіктерінің әсерлі көрінісі ғана емес, сонымен қатар олардың тәжірибе алмасуға және әріптестерімен байланыс орнатуға берілген тамаша мүмкіндік болды.
Мұғалімдер командалық жарыста бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады. Ойын нәтижесінде №2 Хромтау мектеп-гимназиясының командасы І орынға, Дөң мектеп-гимназиясының командасы ІІ орынға, ал №7 Хромтау мектеп-гимназиясының командасы ІІІ орынға ие болды. “Үздік қақпашы”, “Үздік қорғаушы”, “Үздік шабуылшы” ататылымы бойынша бірқатар ойыншылар марапатталды.
Жеңімпаздар аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталып, ақшалай сыйақыларға ие болды.
Айта кетейік, аталған шараны аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған жастар кеңесі ұйымдастырды.
-
Фотографии
-