ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ КОМИТЕТІ ЕСЕП БЕРДІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жамбыл аудандық филиалының кезекті ІІ Пленумы өтті. Алқалы жиынға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысып, аудандық кәсіподақ комитетінің ұжымдық шарттар арқылы кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығы мен кепілдігін қорғау жөніндегі жұмыс тәжірибесімен танысты.
Пленумда 52 бастауыш ұйымға біріккен 4200-ге жуық кәсіподақ мүшесінің мүдделеріне өкілдік етіп, әлеуметтік әріптестік аясында 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт шеңберінде қызмет көрсететін Кәсіподақтың Жамбыл аудандық ұйымының есебін Филиал төрағасының міндетін атқарушы Ержан Шәлімбетов баяндады.
- Есепті кезеңде еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша 53 тексеру жүргізіліп, 130 заңбұзушылық анықталды. Жалпы 480 құқықтық көмек көрсетілді. 202 кәсіподақ мүшесі жалпы сомасы 28 637 500 теңгеге отандық шипажайларда ем алса, 243 сала өкілі 12 648 000 теңге қаражатқа сауықтырылды. Еңбек заңдылығының сақталуы, еңбек ақы төлеу сұрақтары бойынша қабылданған нормативтік құқықтық актілердің орындалуы кәсіподақтың назарында болды. Нәтижесінде білім беру мекемелерінде өндірістік жарақат алу оқиғалары тіркелген жоқ.
Дегенмен, комитет жұмысында кемшіліктер болғаны жасырын емес. Жоспарда белгілеген іс-шаралардың басым көпшілігі орындалмады. Атқару комитетінің отырыстары жоспарлы жүргізілмеді, ал қабылданған шешімдердің орындалуы бақылаусыз қалды. Кез келген шешім мен құжаттың артында кәсіподақ мүшелерінің мүдделері, олардың құқықтарының сақталуы тұратынын ескерсек, аталған бағыттағы жұмыстарды түбегейлі қайта қарап, қалпына келтіру қажет, - деді Ержан Шәлімбетов.
Негізгі баяндамадан кейін Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназия директоры Гүлнара Сыздықова, В.Чкалов атындағы орта мектептің БКҰ төрағасы Эльмира Күндібаева мен №17 Жамбыл колледжінің БКҰ төрағасы Анар Тұрлығұлова жарыссөзге шығып, өз мекемелеріндегі кәсіподақ ұйымының атқарған маңызды әрі мазмұнды көпқырлы жұмыстарына тоқталып, қоғамдық ұйымның тек өз мүшелерінің құқықтарын қорғаумен ғана шектелмей, саланың дамуына, қоғамның өзгеруіне және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып жатқандығын жеткізді.
Алқалы жиын барысында аудандық филиалдың 2025 жылға арналған кіріс-шығыс сметасы талқыланып, бекітілді. Сонымен бірге, Филиалдың 2025 жылға арналған жұмыс жоспары да бекітіліп, басқару органдарының құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Күн тәртібіне қойылған барлық сұрақтар қаралған соң, түскен ұсыныстар ескеріле отырып арнайы Қаулы қабылданды.
Жиынды қорытындылаған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Филиал жұмысына бірқатар ескертулер жасап, Пленум жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалады. Іс-шара соңында үздік жұмыс берушілер мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің еңбегі атап өтіліп, Салалық кәсіподақтың төсбелгілері мен Жергілікті кәсіподақтың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-