![](/static/pressapp/news/dsc8940.jpg)
ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ – ҰТЫМДЫ ЕҢБЕК
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кестесіне сай Қордай ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің мәжіліс залында аудандық кәсіподақ ұйымының кезекті Пленумы өтті. Оған аудандағы білім мекемелерінің басшылары, бөбекжай-балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері шақырылып, білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысты.
Жиынды аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Қарлығаш Қыпшақбаева ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелерге назар аударды.
Ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков баяндама жасап, жұмыс беруші тарапқа келісімдерге сай міндеттелген жұмыстардың атқарылуы мен аудандағы білім саласының жай-күйі туралы айтып өтті.
Өз кезегінде аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Қарлығаш Қыпшақбаева әлеуметтік әріптестік актілерімен көзделген жеңілдіктер және кепілдіктермен сала қызметкерлерінің қамтылу жағдайы, 2024-2026 ж.ж. арналған аудандық ұжымдық шарт талаптарының 2024 жылы орындалу көрсеткіштеріне тоқталды.
- «Мықты кәсіподақ - сенімді қорғаушы» ұранымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарына үнемі қолдау көрсетіледі. Былтыр 805 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен, 500 жуық сала қызметкері сауықтыру шараларымен қамтылды. 300 жуық әр деңгейдегі және әр бағыттағы байқау жеңімпаздары мен үздіктері, еңбек ұжымдары марапатталды. Алайда, ауданда жеке меншік мектептер мен балабақшалардағы сала қызметкерлерінің құқығы қорғалмай қалуда. Себебі, бірқатар жұмыс берушілер ұжымдық шарт жасауға ынталы емес. Кәсіпкерлерге бірнеше рет ұсыныс берілді, кездесулер де өткіздік. Мәселені аудандық үшжақты комиссия отырысында да қарап, назарда ұстағанмен, нәтиже болмай тұр, - деді Қарлығаш Қанатбекқызы.
Жарыссөзде аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Сәуле Бахрамова бірлескен сапалы жұмыстардың нәтижесінде облыс мектептері арасында жүргізілетін рейтинг көрсеткіші бойынша 8 мектеп «Инновация режиміндегі мектеп» санатына енгенін мақтанышпен жеткізді. «Бәйтерек» бөбекжай-бақшасының БКҰ төрағасы Айнұр Ахметова ұжымдық шарттың жекелеген педагогикалық қызметкерлердің жұмыс уақытын реттеу бөліміне сәйкес педагог-психологтың апталық жүктемесі 36 сағаттан 24-ке қысқарып, бірақ айлық жалақысы сақталғанын мысалға келтірді. Жиында аудандық құқықтық инспектор Бауыржан Алпыбаев білім мекемелерінде еңбек заңдылығының сақталуына қоғамдық бақылау нәтижелерімен таныстырып, былтырғы жылдың экономикалық эффектісі – 218 793 254 тг құрағанын айтты.
Жарыссөз тоқтатылған соң мінбеге көтерілген Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сала қызметкерлерін кәсіподақтар федерациясынан облыстық ұйымға дейін 2024 жыл бойынша әр бағыттағы қызмет қорытындыларымен таныстырып, алдағы міндеттерге тоқталды.
- Біз 2012 жылдан бері бірыңғай келісімдер мен ұжымдық шарттар қабылдау мен оның орындалуына үлкен мән береміз. Ол құжаттарда алдымен еңбеккерлердің құқықтық қорғалуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына баса көңіл аударылады. Мәселен, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы, жалақысы аз, жұмысы көп, тіпті штаты жоқ, алайда істейтін жұмысы бар мекемелердегі сол жұмысты атқарып жүрген қызметкерлерге қосымша ақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі сынды өзекті мәселелерге алдыңғы кезекте мән береміз. Біз үшін 2021-2023 жылдарға жасалған ұжымдық шарттың әрекет ету мерзімінде субъективті себептерге байланысты туындаған мәселелер қиыншылықтар туғызды. Сондықтан да, 2024-2026 жылдарға арналған келісім кеш қабылданды. Десе де, біз әлеуметтік әріптестермен келіссөздер барысында көптеген артықшылықтарды сақтап қалдық, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Бұдан соң күн тәртібіндегі өзге де мәселелер қаралып, ұсыныстар тыңдалды. Тиісті Қаулы қабылданды. Жиын соңында бірқатар мектеп басшылары мен мұғалімдер, бастауыш ұйым жетекшілері мен еңбек ұжымдарының нәтижелі қызметі ҚР кәсіподақтар федерациясы, Салалық кәсіподақ ұйымы мен Жергілікті кәсіподақтың, аудандық комитеттің марапаттарымен атап өтілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-