
БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАР ҰЖЫМ ҰЙЫТҚЫСЫ БОЛУЫ ТИІС
Мойынқұм аудандық мәслихатының мәжіліс залында аудандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ комитетінің IІ Пленумы өтті. Аталған жиынға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық мәслихат хатшысы Нұртас Саурықов, білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Бахтияр Махамедов, сондай-ақ, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Жиында жұмыс беруші тарап ретінде аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитеті арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы ұжымдық шарттың орындалуы жөнінде есепті баяндама жасады. Содан соң аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бахтияр Махамедов жұмысшылар тарапы бойынша қосалқы баяндама жасады.
- Облыс бойынша құқықтық қызмет кәсіподақтың ең қажетті әрі маңызды жұмыс бағытына айналған. Алайда, бізде құқықтық ипспектордың еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша жоспарлы тексерулеріне реніш білдіретін басшылар кездеседі. Ал тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар шығып жатады. Мәселен, былтыр 40 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 94 жағдайы анықталды. 1083 құқықтық кеңес берілді. Заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржылардың нақты төленген мөлшері – 461 905 теңгені құрады. 2024-2026 жылдарға жасалған Ұжымдық шарттың орындалуына 25 610 657 мың теңге жұмсалды. Бақылаудың мақсаты – заңбұзушылықты анықтап, алдағы уақытта қайталамауға бағытталғанын жұмыс берушілер саналы түрде қабылдау керек, - деді Бахтияр Жақыпбайұлы.
Жарыссөзге шыққан Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектеп директоры Абзал Салибеков өз қызметтерін ұжымдық шарт аясында жүргізіп, құжат номаларына сәйкес сынып жетекшілік, дәптер және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін, оқу кабинеттеріне жетекшілік еткені үшін, ерекше еңбек жағдайлары үшін, тәлімгерлік үшін, сонымен бірге біліктілік санатына қосылатын үстеме, басшы және басшы орынбасарларының санатына, магистр дәрежесіне ұжымдық шартта көзделгендей қаражат толық әрі уақтылы төленіп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге, зейнетке 4 жылдан аз қалған педагогтердің санаты ұзартылып, зейнет жасқа жеткен педагог қызметкермен еңбек шарты оның қалауы бойынша оқу жылының аяғында еңбек демалысы берілгеннен кейін бұзылатынын айтты.
Мойынқұм ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Бекен Тилеужановтың 2024 жылы атқарылған жұмыстарының есебінен соң жарыссөз тоқтатылып, Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жиынды қорытындылады.
- Әлеуметтік әріптестікті дамыта отырып оңтайлы еңбек жағдайларын жасау, өндірістік жазатайым жағдайларын болдырмау, техникалық инспекторлар мен өндірістік кеңес жұмыстарын белсендіре түсу қажет. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен еңбек ұжымдарында ынтымақ пен біртұтастықты қамтамасыз етіп сала кәсіподағының ұсақталуы мен жіктелуіне алып келетін әрекеттерден аулақ болған жөн. Бастауыш ұйымдар ұжымның ұйымшылдықпен жұмыс істеп, ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа ұйытқы болуы тиіс, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын барысында аудандық ұйымның 2025 жылға арналған кіріс және шығын сметасы бекітіліп, ескертпелер мен ұсыныстар ескеріле Қаулы қабылданды.
Жиын соңында 20 аса сала ардагері аудандық білім бөлімінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Мойынқұм ауданына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, О.Жандосов атындағы орта мектептің директоры Гүлжанат Манашева Салалық кәсіподақтың «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-