
КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ МҮДДЕСІ - БАСТЫ НАЗАРДА
Жамбыл облысында Жергілікті кәсіподақтың жоспарына сай өтіп жатқан филиалдардың есепті Пленумдары жалғасуда. 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың орындалуы бойынша кезекті Пленум Меркі ауданында өтті. Құрманбек Жандарбеков атындағы балалар өнер мектебінде өткен алқалы жиынға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева, комитет мүшелері, жұмыс беруші және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Мадина Асанжанова ұжымдық шарттың оң тұстарына тоқталды.
- 2024 жылы құқықтық сұрақтар бойынша 476 кәсіподақ мүшесі қайырылып, оларға жазбаша, ауызша және әлеуметтік желі, интернет байланыстары арқылы жауап берілді. 2024 жылдың 12 айында құқықтық қызмет заңгерімен 52 тексеру жүргізіліп, 228 заңбұзушылығы анықталды. Кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменді әрекеті арқылы қарапайым қызметкерге 2024 жылы 2 млн. 291 мың 308 теңге көлеміндегі соманы қайтаруға қол жеткізілді, - деді аудандық кәсіподақ төрағасы Мадина Болысбекқызы.
Ұжымдық шартпен бірқатар міндеттемелер алған жұмыс беруші тараптан білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаеваның есебі тыңдалған соң, жарыссөзге жазылған Асанбай Асқаров атындағы тірек мектеп-гимназияның (ресурстық орталығы) директоры Мадина Бексұлтанова білім мекемесіндегі ішкі еңбек тәртіп ережесі, сабақ кестесі, жұмыс, демалыс кестелері, педагог қызметкерлердің оқу жүктемесі, еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулық, штаттық кестенің қысқаруы мен өзгеруі туралы, көтермелеу мен тәртіптік шаралар туралы бұйрықтар жұмыс беруші мен бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетімен келісе отырып қабылданатынын, нәтижесінде еңбек өнімділігі артып отырғанын тілге тиек етті.
Ал Темірбек Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Феруза Нұрланқұлова мұғалімдердің еңбек ақысының дұрыс төленуін, жұмыс уақытының заңға сәйкес реттелуін, еңбек демалысының берілуін, тегін міндетті дәрігерлік тексеруден өтуін кәсіподақ көшбасшысы ретінде назарда ұстайтынын айтты.
Мәншүк Мәметова атындағы №13 орта мектеп кітапханашысы Алия Бейсенкулова кітапханашыларға «Педагог» мәртебесін беруді сұрады.
- Үкімет Қаулысымен 24 қазан - кітапханашылар күні болып бекітілді. Мұны құрметтің бір үлгісі деп есептеймін. Алайда, қазіргі уақытта кітапханашының қызметі мүлдем өзгерді деуге болады. Заман ағымына сай кітапхана қызметін пайдаланушылардың интеллектуалды деңгейі мен сұраныстары өте күрделі, мазмұны да өзгерген. Бүгінгі кітапханашы – менеджер, ол – бағдарламашы, ол – психолог. Осыған орай кітапханшалардың тынымсыз еңбегі еленіп, оларға «педагог-кітапханашы» мәртебесін беру мәселесі назардан тыс қалмаса екен деймін, - деді мектеп кітапханашысы Алия Ақбергенқызы.
Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау деңгейін арттыруға әсер ететін фактор ретінде саладағы әлеуметтік әріптестіктің әлеуеті айтарлықтай өскендігімен байланысты екенін айтты.
- Әлеуметтік әріптестік актілері, яғни Келісім мен Ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған қаражат 2022 жылы - 999.1 млн тг., 2023 жылы - 2.9 млрд тг., ал өткен 2024 жылы - 3.2. млрд.тг құрады. Дотациялық облыс бола тұра осындай мүмкіндіктерге қол жеткізіп отырмыз. Әрине, білім сапасы мен ұстаздар мәртебесі тек жалақы көтерумен өлшенбейді. Мұны да ұмытпаған абзал. Біз биыл салада қалыптасқан «Педагог» кәсіби стандартының жаңа нұсқасы, педагогтарды қабылдаудың конкурстық жүйесіне, педагогтарды аттестаттау ережесіне енгізілген өзгерістер, «Мақсатты мектептер», «Біртұтас тәрбие» ұлттық жобаларын жүзеге асыруда сала мамандарының еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерінің сақталуын назарда ұстайтын боламыз, - деген кәсіподақ төрағасы аудандық комитеттің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Пленум барысында аудандық кәсіподақ ұйымының 2025 жылға арналған кіріс-шығыс сметасы бекітіліп, жұмыстың барлық бағыттары бойынша үздік бастауыш ұйым жетекшілері мен жұмыс беруші өкілдері марапатталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-