
АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР САРАЛАНЫП, МІНДЕТТЕР НАҚТЫЛАНДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Салалық кәсіподақтың республикалық ұйымының ХV съезі мен Жергілікті кәсіподақтың ХV Конференциясының шешімдерін жүзеге асыру барысы мен алдағы міндеттер туралы күн тәртібімен облыстық ұйымның ІV Пленумын өткізді. Алқалы жиынға Пленум мүшелері, жұмыс беруші өкілдері мен Атқару комитетінің мүшелері қатысты.
Пленумда жоғары тұрған кәсіподақ органдарының шешімдерін жүзеге асыру және жарғылық міндеттерді ұтымды орындау аясындағы негізгі баяндаманы Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жасады.
- Азаматтық қоғамның белсенді институты ретінде кәсіподақтар федерациясы мен жоғары тұрған салалық кәсіподақ ұйымының бастамаларын жүзеге асыру мақсатында былтыр Жергілікті кәсіподақ ұйымы облыстық ұйымның 1 Пленумын, Атқарушы органның 8 мәжілісін, бірнеше жұмысшы кездесулер өткізіп, Жарғылық талаптармен байланысты перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарымен көзделген сұрақтарды талқылады, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымында 2025 жылдың 01 қаңтарға Филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімшеге 818 бастауыш кәсіподақ ұйымы бірігіп, жұмыс жүргізуде. Ұйымға облыс бойынша 64 507 кәсіподақ мүшесі-сала өкілі қауымдасқан. Барлық кәсіподақ мүшелері әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарттармен қорғалған.
- Әлеуметтік әріптестік бағытында 2024 жылғы маусымда облыстық Келісім, филиал деңгейінде бірыңғай ұжымдық шарттар қабылданды. Облыстық Келісім Министрлікте, ал ұжымдық шарттар аумақтық Еңбек инспекциясынан тіркеуден өтті. Сондай-ақ, Келісімге 2024 жылғы 5 қарашада өзгерістер енгізілді. Облыс бойынша Әлеуметтік әріптестік актілері, яғни Келісім мен Ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған қаражат 2022 жылы - 999.1 млн тг., 2023 жылы - 2.9 млрд тг. құрасы, 2024 жыл бұл көрсеткіш 3.2 млрд тг болды, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Пленумда Жергілікті кәсіподақ негізгі жұмыс көрсеткіші саналатын құқықтық қызмет жұмысының нәтижелерін жариялады. 2024 жыл ішінде тек кәсіподақ заңгерлерімен 9884 өтініш қаралып, 10 564 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен 526 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 1638 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 766 жазбаша арыз-өтініш түсіп, 748 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңес саны 9136 құраған. Құқықтық қызметтің барлық нысандағы құқық қорғау жұмыстарының нәтижесінде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне төленіп берілген, қайтарылған, қайта есептелген қаржы көлемі 2024 жылы 380 233 168 теңгені құраған.
Есепті мерзімде Жергілікті кәсіподақтың Оқу-әдістемелік орталығы 1 республикалық, 14 көшпелі, 5 стационарлы, барлығы 20 семинар ұйымдастырып, 2486 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылған. Филиалдар бастамасымен өткізген кәсіподақ оқуларымен 4091 әр санаттағы сала өкілі қамтылып, барлығы 6577 адам оқудан өткен.
2024 жылы барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 5707 сала өкілі мен отбасы мүшесі қамтылып, оған бағытталған қаржы көлемі 526.2 млн тг, ал оның ішіндегі кәсіподақтан өтелген, жеңілдік ретінде қайтарымсыз жұмсалған қаржы мөлшері 297.5 млн.тг құрап отыр. Оның ішінде 2355 адам шипажай жолдамасына ие болса, 2880 кәсіподақ мүшесі мен отбасы өкілдері түрлі нысандағы тарихи-танымдық саяхаттар мен демалыстарға қамтылған.
Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков өз баяндамасында білім саласындағы жаңа әрі тың бастамалармен қатар ежелден қалыптасып қалған үрдістерге өзгеріс енгізу аясында әртүрлі қарама-қайшы пікірлер мен көзқарастар тудырып отырған өзекті түйткілдерге де тоқталды.
- Еңбек кодексіне жалақы мөлшерін жыл сайынғы инфляция мөлшеріне индексациялау туралы норманы қайтару мәселесі, кез келген жалақының негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын 2015 жылдан бері мүлдем өзгермеген 17 697 тг. құрайтын ІЛЖ (БДО) мөлшерін ұлғайту, мекеме басшысына берілетін санаттың қолданылу мерзімін педагогтардың мерзімі сияқты 5 жылға ұзарту, білім саласындағы қаржы-экономикалық қызметкерлерге ұжымдық шарт аясында төленген қосымша ақылардың заңды-заңсыздығы туралы бақылау-тексеру органдарымен жүріп жатқан теке-тірестің түпкілікті құқықтық бағасы берілмеу салдарынан жалақысы мардымсыз, жұмысы мен жауапкершілігі жоғары қаржы-экономикалық қызмет мамандарының тапшылығы бұрынғыдан да еселеніп, босап қалған орындар күн санап артып келеді, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Негізгі баяндамадан соң облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова, Талас ауданы білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, «Дарын» лицей-интернатының БКҰ жетекшісі, «Үздік педагог - 2024» республикалық байқауының жеңімпазы Айжан Аманбаева, Тараз қалалық білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясының есептеу секторының жетекшісі Жаңылған Әділбекова жарыссөзге шығып, баяндамада көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды талқылап, кейін Пленум Қаулы қабылдады.
Қабылданған құжатқа сәйкес Жергілікті кәсіподақ ұйымы «2024-2026 ж.ж. Әлеуметтік әріптестік актілерін, қосымша келісімдерді түсіндіру, насихаттау, жүзеге асыру»; «Педагог» кәсіби стандартының жаңа нұсқасы, педагогтарды қабылдаудың конкурстық жүйесіне, педагогтарды аттестаттау ережесіне енгізілген өзгерістер, «Мақсатты мектеп», «Біртұтас тәрбие» ұлттық жобаларын жүзеге асыруда сала мамандарының еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерінің сақталуын назарда ұстау; бюджеттік қаржыландырудағы түйткілдер, ынталандыру төлемдерін енгізу бойынша жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарымен тиісті жұмыстарды жалғастыру; «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында саладағы жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін оңтайлы ету, ұжымдық шарттар арқылы қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен мүмкіндіктер жүйесін қарастыру, кәсіподақтық шараларға көптеп тарту, еңбек адамы ретінде дәріптеу жұмысына екпін беру жөнінде міндеттемелер алды.
Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласып, «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауында жеңімпаз атанған 3 ұстазға кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама берілсе, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «Үздік әлеуметтік серіктес - 2024» республикалық байқауына белсенді қатысқан 5 білім мекемесінің еңбек ұжымына Алғыс хаттар берілді. Сондай-ақ, Пленум мүшелері өздеріне берілген құқық бойынша орган құрамындағы кейбір өкілдерді кері шақырып, орнына өзге сала қызметкерлерін сайлады. Жиын барысында талқыланып, ұсыныстар ескеріле отыра облыстық ұйымның 2025 жылға арналған кіріс және шығын сметасы бекітілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-