![](/static/pressapp/news/dsc9427.jpg)
КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ - БАСТЫ НАЗАРДА
Бүгінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінің мүшелігіне 75 бастауыш ұйымға біріккен 3800 аса сала қызметкері қауымдасқан. Өткен жылы оның 260-ы кәсіподақ заңгерінің қабылдауында болып, құқықтық көмекке жүгінсе, аудандық комитет жалпы құқықтық сипаттағы 831 қызмет түрін көрсеткен.
Құқықтық инспектор еңбек заңдылығының сақталуын бақылау бойынша 55 тексеру жүргізіп, 171 заңбұзушылық анықтаған. Кәсіподақ мүшелерінен 2024 жылы 27 арыз-өтініш түсіп, 25 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық почта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 773 құраған. Бұл туралы Жуалы аудандық кәсіподақ комитетінің Пленумында есепті баяндама жасаған аудандық комитет төрағасы Мәжит Айжанов айтты.
Оның айтуынша, Кәсіподақтағы құқықтық қызметтің пәрменді әрекеті арқылы саладағы әр санаттағы қарапайым еңбеккер қалтасына 2024 жылы 267 845 730 теңгеден аса қаражат қайтарылса, келтірілген экономикалық тиімділік 268 362 582 теңгені құрап отыр. Жарғылық міндеттерді іске асыру, сала қызметкерлерін кәсіподаққа ынталандыру мақсатында халықаралық әйелдер күні, Отан қорғаушылар күні, еңбек күні, кәсіподақтар күні мерекелерінде 673 сала өкілі марапатталған. Өткен оқу жылында зейнет жасына толған 71 ардагер ұстазға құрмет көрсетіліп, демалысқа салтанатты шығарып салу рәсімі өткен.
- Әлбетте, кәсіподақ комитеті сала еңбеккерлерінің тынығуы мен демалысын ұтымды ұйымдастыра білді. Көпшіліктің қызығушылығына ие болған «Ташкент-Самарқанд» бағытына 40 сала қызметкері жолданды. 129 адам шипажай жолдамасына ие болды. Ал туристік сапармен қамтылғандар саны 434 адамды құрап, осы іс-шараларға бағытталған қаржы көлемі 14 429 161 теңгені құрады, - деді Мәжит Мамытұлы.
Жиында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева әлеуметтік әріптестік жөніндегі Ұжымдық шарттың орындалу барысы және 2023-2024 оқу жылында сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек қатынастары, төлемақы, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жарыссөзде №27 Диқан орта мектебінің директоры Майра Молдақұлова аудандағы білім мекемелеріндегі педагогтардан бастап қарапайым қызметкерлерге дейін кәсіподақтың қолдауын әрдайым сезінетінін, ол білім сапасына, оның тиімділігін арттыруға әсер ететінін жеткізсе, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің БКҰ төрағасы Еркінкүл Сейдахметова еңбек дауларын реттеуде белсенділік танытып, сенім жүгін арқалаған бастауыш ұйым жетекшілерінің жұмысты тиімді ұйымдастыруы ұжымдағы ынтымақ пен бірліктің көрінісі деп есептейтінін жеткізді. Ал «Шапағат» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Маина Есимова балабақшалардың басты проблемасы - жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесі екенін жеткізді.
- Облыс әкімінің қаулысына сәйкес 100 орындық балабақшада бір балаға айына 85 530 теңге бөлінеді. Бұл соманың ішінде қызметкерлердің еңбекақысы, емдік-сауықтыру жәрдемақысы, еңбекке жарамсыздық үшін өтемақы, зейнетақы қоры мен салық шегерімдері, медициналық қарап-тексеру, коммуналдық төлемдер т.б. кіреді. Ал балалардың ойыншықтарына, төсек жабдықтарына, ағымдағы жөндеу жұмыстарына, тұрмыстық заттарға, кеңсе тауарларын алуға мүлдем қаражат жетпейді.
Жыл соңында қосымша қаражат сұрауға мәжбүрміз. Осы жағдай ескеріліп, тиісті органдардың назарына алынса, - деген ұсыныс айтты Маина Есимова.
Пленумда жарыссөз аяқталған соң Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қорытынды сөз айтып, Кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған бірқатар мәселелерге тоқталды.
- 2024 жылды біз «Лайықты еңбек жылы» аясында өткізіп, бар күш-жігерді әлеуметтік диалогты нығайтуға, еңбек құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге және қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге бағыттадық. Соның бір дәлелі, әлеуметтік әріптестермен бірлескен шешім негізінде аудан аумағындағы білім беру ұйымдарында басшының ақпараттандыру жөніндегі орынбасары лауазымында және педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымындағы қызметкерлердің жұмыс орындарын үстіміздегі 2024-2025 оқу жылына сақтап, жыл аяғында еңбек демалыстарын беріп, тиісті төлемдерді сақтай отырып, қысқарту шаралары жазғы каникул кезеңінде жүргізу туралы келісім жасалды. Бұл шешім бір мезетте 64 сала өкілі-кәсіподақ мүшесінің еңбек құқықтарын сақтап қалуға мүмкіндік берді, - деген Ерұлан Сәбенұлы аудандық комитет жұмысының былтырғы нәтижелерін қанағаттанарлық деп бағалап, ұстаздардың табанды қызметтеріне табыс тіледі.
Жарыссөз барысында берілген ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, тиісті Қаулы қабылданды. Аудандық кәсіподақтың есепші-маманы Аризат Мұртазаева ұйымның 2024 жылғы қаржылық есебін беріп, 2025 жылға арналған кіріс-шығыс сметасының жобасымен таныстырды. Пленум қатысушылары талқылай келе сметаны бекіткен соң, бірқатар мекеме басшылары мен мұғалімдер, бастауыш ұйым жетекшілері мен еңбек ұжымдары түрлі жетістіктері үшін марапатталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-