МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ІСТЕР
2024 жылы Ақтөбе облысында атқарылған жұмыстар мен алға қойылған мақсат-міндеттер туралы Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева есеп берді.
Аудандық кәсіподақ ұйымы 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы келісімді басшылыққа ала отырып, белгіленген жоспарға сай жұмыс атқаруда. Бұл маңызды құжатта педагогтердің мүддесін қорғау, жалақының уақытылы төленуі, жүктемелердің бөлінуі, аттестация, санатқа өту, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, қызметкерлерді сауықтыру, жас мамандарға жағдай жасау, қызметкерлерге берілетін жеңілдіктер, медициналық тексеруден өткізу, еңбек демалысына шығу мәселелері қарастырылған. Әлеуметтік әріптестік туралы келісім тек қағаз жүзінде қалып қойған жоқ. Нәтижесінде білім саласында еңбек ететін кіші қызметкерлер тегін медициналық тексеруден өтті.
- Есепті кезеңде еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша 20 тексеру жүргізіліп, 13 заңбұзушылық анықталды. Жалпы 23 құқықтық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымы мұғалімдерді ынталандыру мақсатында мерекелерде білікті, тәжірибелі мамандар республикалық, облыстық, аудандық марапаттарға ұсынылып, қаржылай қолдауға ие болды. Жыл қорытындысы бойынша 30-ға жуық білім қызметкері 1 420 000 теңге кәсіподақ сыйақысымен марапатталса, 258 кәсіподақ мүшесі шипажайларда 18 088 125 теңге қаражатқа сауықтырылды. Еңбек заңдылығының сақталуы, еңбек ақы төлеу сұрақтары бойынша қабылданған нормативтік құқықтық актілердің орындалуы кәсіподақтың назарында болды. Нәтижесінде білім беру мекемелерінде бір өндірістік жарақат алу оқиғалары тіркелді. Аудан педагогтері білім кәсіподағына ерекше сенім артады. Былтыр мұғалімдер әртүрлі сұрақтармен кәсіподақ көмегіне жүгінді. Кез келген шешім мен құжаттың артында кәсіподақ мүшелерінің мүдделері, олардың құқықтарының сақталуы тұратыны жасырын емес, - деді Ж.Жұмабаева.
Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева білім бөлімінің қолдауымен әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарт жасау мен оның орындалуын қамтамасыз ету, сала өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауда өзара мәмілеге келе білудің жақсы үлгісі қалыптасқанын өз есебінде ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қаржы-бақылау комиссиясының төрағасы Жұлдыз Мамбетжанова кәсіподақ жарналарының түсуі мен жұмсалуы туралы баяндады. Баяндамашы әр салаға мақсатты түрде жұмсалған қаржының мөлшеріне талдау жасады.
Жиында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкеткерлері кәсіподақ ұйымының маманы Айжарық Серімбетов облыстық ұйымның жылдық есебі туралы баяндады. Баяндамада кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары бойынша облыстық ұйымның атқарылған іс-шаралары туралы, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғауды, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды ұйымдастыру, әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттың орындалуы туралы, кәсіподақтың қаржылық қызметін нығайту, техникалық инспекторлар жұмыстары, кәсіподақ мүшелерімен өткізілген мәдени-шаралар, демалыс орындары мен тарихи-танымдық саяхаттарға жолдамалар беру сынды салалы жұмыстар туралы айтылды. Есепті жылдар ішінде облыстық кәсіподақ ұйымының қолдауымен көптеген мәселелер өз шешімдерін тауып, кәсіподақ мүшелерінің арыз-шағымдары назардан тыс қалмады.
Басқосуда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкеткерлері кәсіподақ ұйымының еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай Ақтөбе облысының білім басқармасы мен облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім, салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Кездесуде облыстық ұйымның заңгері еңбек заңнамасының қолданылу ерекшеліктері мен кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді.
Шара соңында білім саласының дамуы мен кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне үлес қосқан бірқатар кәсіподақ мүшелері марапатталып, төсбелгілер мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Одан кейін кәсіподақ мамандары Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінде, Мұғалжар ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде, Аймақтық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясында, №2 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектепте, №4 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектепте, «Күншуақ» балабақшасында, А.Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінде болып, еңбек заңнамасының қолдану ерекшеліктері мен кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді. Жауапты мамандар ұжымдық шарт, ішкі еңбек тәртібі мен өзге де құжаттарды көрсетіп, оларды жүргізу бойынша әдістемелік көмек алды. Сондай-ақ, аталған білім мекемелеріндегі кәсіподақ мүшелерімен кездесті.
Кездесу барысында облыстық ұйым өкілдері кәсіподақ жұмысындағы негізгі мәселе - еңбек адамының құқығын қорғау екенін, жұмыс орнындағы еңбек заңдылықтары мен қауіпсіздіктің сақталуын, өзекті мәселелердің оң бағытта шешілуін қамтамасыз етумен қатар басқа да еңбекке қатысты түйткілді жағдайларды басты назарда ұстайтынын жеткізе отырып, мұндай кездесулер еңбек ұжымдарында өзекті мәселерді анықтау және шешуде тиімді екенін атап өтті.
-
Фотографии
-