ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ЖЫЛЫ: ЕҢБЕК АДАМЫ
Құлманова Злиха Санаққызы – білікті маман, өз саласының білгірі. Ол отыз жылдан астам уақыт білім беру саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Күрмеуі көп саланы жетік меңгеріп, кейінгі ұрпақ бойына білім нәрін сеуіп жүрген маман. Аяулы жар, ардақты ана, қарайым жан кейде өз балаларынан халықтың баласына көбірек көңіл бөлетінін айтады.
Сөзімен де, ісімен де өнеге көрсете білген Злиха Санаққызының кез келген істе тәуекелге бара алуы, өзіне тапсырылған жауапкершілікті ала отырып, оны ұйымдастыра білуі –шығармашылық қабілетінің биік шыңы. Осы күнге дейін көрген сый-құрметінің барлығы - ұстаздың қажыр-қайратының, білімі мен біліктілігінің, қадір-қасиетінің арқасы.
Құлманова Злиха Санаққызы - 1993 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін, кейін 2004 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі және педагогикасы» мамандығын бітірді. ұстаз. Еңбек жолын Бұлақтыкөл негізгі мектебінде тәлімгер болып бастап, 1993 жылы Жем орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып ауысты. 2007-2018 жылдар аралығында Жем орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдан бастап Қ.Жазықов атындағы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етіп келеді.
Құлманова Злиха Санаққызы - барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білген, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білетін, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаз. Мұратына қағаз бен қалам арқылы емес, тәрбиелеген шәкірттерінің жеңістері мен жетістіктері арқылы жеткен ұстаздың Алаш руханиятының алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Оған дәлел ҚР Білім министрінің және Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының, "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Алғыс хаттарымен марапатталуы.
Ұлағатты ұстазынан білім алып, ұстаздық кәсібін таңдап, бүгінгі таңда оқушыларға білім нәрін беріп, ұлы істің игі жолында аянбай қызмет жасап жүрген шәкірттері де баршылық. Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – Злиха Санаққызының еңбегінің бір парағы. Осы орайда оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулып, Байғанин ауданының ұлы тұлғаларын ұрпақ санасына сіңіре білді. Бірнеше шәкірті облыстық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болды.
«Ұстаз болашағы - ұстаздан» деп бекер айтылмаған. Ұстаздың мақсаты – сауатты, салауатты қоғамның қалыптасуы үшін еңбек ету. Сауатты адам мәдениетті ғана емес, бақытты адам. Себебі оның үйренгені көп, өзгеге де үйретері біршама. Ол қоғамды басқарып, түгел жұртты аузына қарата алады. Злиха Санаққызы сабақ барысында оқушының назарын байсалдылығымен, көркем мінезімен баурап алады. Тек кітап бетіндегі материалды оқытып қоймай, өмірмен ұштастыра біледі. Алдында отырған әр шәкірттің рухани бай болуы үшін, ізгі қоғам мүшесі болуы үшін барын салады. Сабақтары ұлттық тәрбиеге, құндылыққа толы. Ұлағатты ұстаз, өз ісінің шебері Злиха Санаққызының өмір тәрбиесі, ізгілікті ісі шәкірттеріне үлгі-өнеге деп білеміз.
-
Фотографии
-