![](/static/pressapp/news/47635675411963945521021814313889825300269310n.jpg)
АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН ЖОСПАРЛАР САРАЛАНДЫ
Өңірдегі білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының есеп беру жиындары Шалқар ауданында жалғасты. 2024 жылы атқарылған жұмыс қорытындысы мен алда атқарылатын міндеттер жайлы Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлсайра Құлекенова баяндады.
- Кәсіподақ ұйымдарының мақсаты - мұғалімдер мен жұмысшы қызметкерлердің әлеуметтік – экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуына әркез көмек беріп, қолдау көрсету. Кәсіподақтың негізгі қызметі «Кәсіподақтар туралы заңда» көрсетілгендей, еңбек адамының құқығын қорғау болып табылады, - деді Г.Құлекенова.
Шалқар аудандық кәсіподақ ұйымына қарасты 67 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оған 4000-ға жуық білім қызметкері мүше. Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау - кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Жұмыс жоспарына сай, аудандағы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мұғалімдердің және білім саласындағы кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау, еңбек адамдарын құқықтық сауаттандыру бағытында жемісті жұмыс жүргізді.
Еңбек заңдылықтарының сақталуына қоғамдық бақылау орнатып, оларға моральдық-материалдық қолдаулар көрсетті. Еңбек дауларын шешу және педагогтердің кәсіптік шеберлігін шыңдау жолында іс-шаралар ұйымдастырды. Сондай-ақ, сала мамандарының денсаулықтарын нығайту мақсатында шипажайларға жолдамалар берілді. Өткен жылы облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан Шалқар ауданының 248 кәсіподақ мүшесі шипажайларда демалып, 72 мүшесі тарихи-танымдық саяхатқа шықты. Мемлекеттік және кәсіптік мерекелерге байланысты педагогтер Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапатталып, қаржылай сыйақыға ие болды. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетілді.
Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасының айтуынша, 2024 жыл Шалқар ауданының білім саласы үшін өте табысты жыл болды. Былтыр №4 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ләззат Жиенбаева мен № 5 мектеп–лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжаған Аетова облыстың «Үздік педагогі» иегері атанса, №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Лаура Тұралина республикалық байқауда үздік атанды. Сондай-ақ, 2024 жылы ауданның 15 ұстазы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді, ауданның мектеп оқушыларының білім жетістіктерінің мониторингінің қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткені үшін Шалқар ауданы №1 мектеп-гимназиясының және №8 орта мектебінің ұжымының үздіктер қатарынан көрінді. Сонымен қатар, облыстық «Үздік дене шынықтыру педагогі -2024» байқауында № 4 орта мектебінің мұғалімі Нұргүл Құдайбергенова жүлделі бірінші орынға ие болып, ауданның мерейін асқақтатты. Үздіктер қатарынан көрінген педагогтер кәсіподақ ұйымының тарапынан түрлі марапаттарға ие болды.
Одан кейін есепті жиында кәсіподақ жарналарының түсуі мен жұмсалуына бақылау жасайтын қаржы-бақылау комиссиясының төрағасы Светлана Майкупова баяндама жасап, қаражаттың мақсатты жұмсалып жатқандығын жеткізді.
Кездесуде Ақтөбе облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының маманы Айжарық Серімбетов аталған ұйымның 2024 жылы атқарылған жұмыстар, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, қызметкерлер мен олардың балаларын сауықтыру, ұжымдық келісімшарт жасасу, марапаттау және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Қала, аудан мекемелерімен ауқымды жұмыс жасалғанын, жаңадан бірнеше білім мекемелері мен балабақша ашылып, осыған орай нормативтік-құқықтық құжаттар рәсімделіп, жұмыс жоспары бойынша жұмыс жүріп жатқаны туралы айтылды. Презентацияда мәдени-бұқаралық, сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру, қызметкерлердің демалысын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар өткізу туралы материалдар ұсынылды.
Айта кетейік, үздік ұстаздарды ынталандыру мақсатында Ақтөбе облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау» шарасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оның аясында көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік және кәсіби мерекелер, білім беру ұйымдарының мерейтойлары қарсаңында сала майталмандары ескерусіз қалмайды. Үздік мамандарға құрмет көрсетіліп, қаржылай сыйақылар табысталады. Былтыр үздік педагогтер мен кәсіподақ көшбасшылары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төсбелгілерімен наградталды. Білім кәсіподағы жалынды жастарды қолдайды.
Педагогика саласына аяқ басып, үздік нәтижелерімен дараланған жас мамандар былтыр Бурабай қаласына сапар шегіп, демалып келді. Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау - кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Облыстық кәсіподақ әр оқу жылының күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулы уақытында сала үздіктерін марапаттап, оларға шипажайларға тегін жолдама ұсынады.
Кездесуде облыстық ұйым маманы А.Серімбетов салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мақсаттар жөнінде де тілге тиек етті.
Сонымен қатар Ақтөбе облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай Ақтөбе облысының білім басқармасы мен облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім, салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер туралы баяндады. Кездесуде облыстық ұйымның заңгері еңбек заңнамасының қолданылу ерекшеліктері мен кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді.
Айта кетейік, жиынға әлеуметтік әріптестер мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
-
Фотографии
-