
ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ТАЛҚЫЛАУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек және салалық заңнамаларды, Әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбында Жамбыл ауданында көшпелі семинар-кеңес өтті.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жергілікті кәсіподақтың бірлескен оқу семинары Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің акт залында өтіп, семинарға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова бастаған аудандық білім бөліміне қарасты білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, білім бөлімінің қаржы-экономикалық және кадр қызметі мамандары қатысты.
Алғашқы сұрақ бойынша сөз облыстық кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбековке беріліп, лектор Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына (ҚР БҒМ 27.01.2016 ж. №83 бұйрығы) енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды тәжірибеде қолдану тақырыбы аясында аттестаттаудан өткізу бойынша қатысушыларға толық ақпарат берді.
Ал Кәсіподақтың құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына (ҚР БҒМ 27.01.2012 ж. №57 бұйрығы) енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды тәжірибеде жүзеге асыру мәселелері бойынша ақпарат беріп, тақырып аясында туындаған сұрақтарға жауап берді.
Семинар соңы жалпы сұрақ-жауап сағатына ұласып, кәсіподақ мүшелері еңбек қатынастары мен талқыланған тақырыптар аясындағы сұрақтарға жауап алды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-