
ОБЛЫСТЫҚ КӨШПЕЛІ ОҚУ-СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының акт залында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен облыстық көшпелі семинар-кеңес өтті.
Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтарын талқылап, түсіндіруге арналған семинарға білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, әдістемелік, қаржы-экономикалық, кадр қызметінің мамандары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты - білім саласындағы еңбек қатынастарының нормаларын, “Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары” және “Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына” енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды тәжірибеде жүзеге асыру мәселелерін түсіндіру болды.
Жиынды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, іс-шараның мақсат-міндетімен таныстырды. Семинар модераторлары Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына енгізілген өзгертулерді тәжірибеде жүзеге асыру мәселелері бойынша ақпарат берсе, Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды түсіндірді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев семинардың өзектілігін және практикалық маңыздылығын атап өтіп, спикерлер бөліскен мағлұматтар күнделікті жұмыста еңбек заңдылығының бұзылмауына кепіл болатындығын жеткізді. Сұрақ-жауап сессиясы барысында туындаған мәселелер бойынша нақты түсініктемелер беріліп, пікір алмасу алаңы құрылды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-