
ҰСТАЗДЫҚ ПЕН ШЕБЕРЛІКТІҢ ҮЙЛЕСІМІ
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өз саласының шебері Есенаманова Гүлайым Бақытжанқызы туралы сөз қозғаймыз. Ол жас ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәжірибелі ұстаз. 2012 жылдан бастап Маңғыстау облысы, «Жаңаөзен арнайы мектебі» КММ-де ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сөйлеу тілінің кемшіліктерін түзету және жаратылыстану пәндерінен сабақ беріп келеді. Оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, оларға сапалы білім мен тәлім-тәрбие беруде жоғары нәтижелерге қол жеткізген.
Гүлайым Бақытжанқызының педагогикалық еңбек өтілі 31 жылдан асады. Ол білім беру саласының барлық сатыларынан өткен тәжірибелі ұстаз ретінде жас мамандарға тәлімгерлік жасап, өз іс-тәжірибесімен үнемі бөліседі. Шығармашылық ізденістері мен жаңашылдыққа ұмтылысының нәтижесінде түрлі марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, облыстық «Үздік педагог» байқауында «Үздік арнайы білім беру ұйымы педагогы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, «Маңғыстау облысының білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Гүлайм Бақытжанқызы – педагогикалық қызметімен қатар медицина саласында да еңбек ететін білікті маман. Ол Жаңаөзен қаласындағы «Балақай» оңалту орталығында қосалқы дефектолог-логопед ретінде ерекше балалармен түзету жұмыстарын жүргізіп, оң нәтижелер көрсетіп, ата-аналардың алғысын алып келеді.
Ұстаздық пен өнерді ұштастыра білген Гүлайым Бақытжанқызы білім беру, медицина және ұлттық мәдениет салаларында елеулі еңбектерімен танылған үлгілі жан. Ол өзінің көпжылдық тәжірибесі мен білімі арқылы қоғамға үлес қосып, шәкірттерінің жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді.
Г.Наукебаев,
Маңғыстау облыстық білім басқармасының «Жаңаөзен арнайы мектебі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.