
ҚАРҒАЛЫ ЖӘНЕ ТЕМІР АУДАНЫ: КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ ЕСЕП БЕРДІ
Кәсіподақ көшбасшыларының есеп беру жиындары Ақтөбенің Қарғалы және Темір аудандарында да өтті. Білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағалары Гүлнар Байменшина мен Назгүл Сәбенова 2024 жылы атқарылған жұмыстар, алға қойылған мақсат–міндеттер туралы есеп берді.
Шара облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы өкілдерінің, аудан әкімінің орынбасары мен мәслихат хатшысының, аудандық білім бөлімінің басшыларының, мектеп директорларының, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларының қатысуымен өтті.
Есепті жиында 23 бастауыш ұйымға біріккен 1077 кәсіподақ мүшесінің мүдделеріне өкілдік етіп, әлеуметтік әріптестік аясында 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт шеңберінде қызмет көрсететін Қарғалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының есебін төраға Гүлнар Байменшина баяндады.
- Қарғалы ауданында 2024 жылы жоспарға алынған жұмыстар толығымен жүзеге асырылды. Былтырғы жылы аудан бойынша еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша 22 тексеру жүргізілді, заңбұзушылық болмады. Жалпы 28 құқықтық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, мерекелерде білікті, тәжірибелі мамандар республикалық, облыстық, аудандық марапаттарға ұсынылып, кәсіподақтың қаржылай қолдауына ие болды. Жыл қорытындысы бойынша Қарғалы ауданының 100-ге жуық білім қызметкері 4 280 000 теңге кәсіподақ сыйақысымен марапатталса, 68 кәсіподақ мүшесі шипажайларда 6 600 000 теңге қаражатқа сауықтырылды. Еңбек заңдылығының сақталуы, еңбек ақы төлеу сұрақтары бойынша қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің орындалуы кәсіподақтың назарында болды. Білім беру мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарларына тиесілі сауықтыру жәрдемақылары, алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімдері қосымша ақы төленді. Жалпы өткен жылы экономикалық тиімділік көрсеткіші 2 422 375 теңгеге жуықтады, - дейді Г.Байменшина.
Ал, Темір ауданында экономикалық тиімділік көрсеткіші 1 391 000 теңгеден асты. Бұл қаражат кәсіподақ ұйымының ықпалымен мұғалімдерге емделуге арналған жәрдемақы, еңбек демалысына кеткен мұғалімнің орнын ауыстырған маманға үстеме ақы төлеуге, зейнеткерлік демалысқа шыққан кәсіподақ мүшелеріне бір айлық жалақы төлеуге бағытталды.
Басты бағыт - құқықтық қорғау және әлеуметтік әріптестікті дамыту. Темір ауданының барлық білім мекемелерінде әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарттың орындалуы бойынша есеп беру жиындары өтті. Есепті мерзім ішінде кәсіподақ мүшелерінен түскен жазбаша - 18, ауызша - 39 өтініш пен сұраққа заң аясында құқықтық кеңес берілді. Ұстаз беделін көтеріп, еңбек адамының құқығы мен мүдделерін әлеуметтік әріптестік аясында қорғаудың үздік тәжірибесін насихаттау мақсатында, сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар күні мен Ұстаздар күніне, атаулы күндерге орай салтанатты жиын ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсетіледі. Мұғалім мәртебесін көтеру, денсаулығын нығайту мақсатында педагогтерге шипажайларға жолдама ұсынып келеді. Өткен жылы 201 кәсіподақ мүшесі емдеу-сауықтыру орталықтарында демалып, денсаулықтарын жақсартты.
Аталған аудандардың кәсіподақ ұйымы 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы келісімді басшылыққа ала отырып, белгіленген жоспарға сай жұмыс атқаруда. Бұл маңызды құжатта педагогтердің мүддесін қорғау, жалақының уақытылы төленуі, жүктемелердің бөлінуі, аттестация, санатқа өту, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, қызметкерлерді сауықтыру, жас мамандарға жағдай жасау, қызметкерлерге берілетін жеңілдіктер, медициналық тексеруден өткізу, еңбек демалысына шығу мәселелері қарастырылған. Әлеуметтік әріптестік туралы келісім тек қағаз жүзінде қалып қойған жоқ. Білім қызметкерлерінің құқығын қорғау - кәсіподақ ұйымының басты назарында болды.
Жиында төрағалар Гүлнар Байменшина мен Назгүл Сәбенова жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты реттеп, орын алған олқылықты ушықтырмай шешуді өзіне негізгі міндет еткен кәсіподақтың еңбек адамдарының құқығын қорғауда атқарып жатқан қызметі зор екендігін айтып, еңбек қатынастары бойынша кез-келген сұраққа жауап беріп, қолдау көрсетіп отыратын кәсіподақтың құқықтық қызметіне үлкен алғыс білдірді.
- Ұстаз еңбегіне құрметпен қарап, үніне үн қосқанда ғана мұғалім өз жұмысын жоғары деңгейге жасауға ұмтылып, шығармашылықпен еңбек етері сөзсіз. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, педагогтердің еңбек мәселесін шешу, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатындағы жұмыстар әлі де жалғасады, - дейді, кәсіподақ көшбасшылары.
Жиында кәсіподақ жарналарының түсуі мен жұмсалуына бақылау жасайтын қаржы-бақылау комиссиясының төрағалары қаражаттың жұмсалуы туралы баяндады.
Жиналысқа қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жарыссөзге қатысып, кәсіподақ ұйымының жұмысын жақсартуға бағытталған ұсыныс-пікірлер білдірді.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкеткерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері Қарғалы және Темір ауданына сапары барысында кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсу бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды. Сонымен қатар, ұжымдық шарт туралы, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту және олардың құқықтарын қорғау, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған мәселелер де назардан тыс қалмады. Облыстық ұйым өкілдері кәсіподақтың негізгі жұмысы мәдени-көпшілік шаралар мен сауықтыру емес, әрбір кәсіподақ мүшесінің еңбек құқығы мен кәсіби мүддесінің сақталуы, еңбек дауларының алдын алу, жұмыс беруші мен жұмысшы арасын әлеуметтік әріптестік арқылы дәнекерлеу екенін түсіндірді.
Есепті жиыннан соң облыстық ұйым өкілдері Қарғалы және Темір аудандарындағы бірқатар білім беру ұйымдарында болып, кәсіподақ мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында облыстық ұйым өкілдері кәсіподақ жұмысындағы негізгі мәселе - еңбек адамының құқығын қорғау екенін, жұмыс орнындағы еңбек заңдылықтары мен қауіпсіздіктің сақталуын, өзекті мәселелердің оң бағытта шешілуін қамтамасыз етумен қатар басқа да еңбекке қатысты түйткілді жағдайларды басты назарда ұстайтынын жеткізе отырып, мұндай кездесулер еңбек ұжымдарында өзекті мәселерді анықтау және шешуде тиімді екенін атап өтті. Сонымен қатар Бадамша агротехникалық колледжінің, Бадамша №2 орта мектебінің, Бадамша мектеп балабақшасының, Өнер мектебінің және Темір ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, Шұбарқұдық гимназиясының, №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының, №4 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарында еңбек заңнамасының қолдану ерекшеліктері мен кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді. Жауапты мамандар ұжымдық шарт, ішкі еңбек тәртібі мен өзге де құжаттарды көрсетіп, оларды жүргізу бойынша әдістемелік көмек алды.
-
Фотографии
-