
ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПОДАҚТЫҢ ЖУАЛЫДА ӨТКЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ СЕМИНАРЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек және салалық заңнамаларды, Әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбында Жуалы ауданында көшпелі семинар-кеңес өтті.
Аудан орталығындағы №2 Мыңбұлақ мектебінің акт залында өткен семинарға аудандық білім бөліміне қарасты білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, білім бөлімінің мамандары қатысты. Алғашқы болып сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков семинардың мақсат-міндеттерімен таныстырды.
- Ұйымдастырылып отырған бұл іс-шара барлық еңбек ұжымдарындағы сала қызметкерлеріне қатысты. Біліктілікті арттыру мен жұмысқа қабылдап, жұмыстан босату күнара кездесетін процесс. Ал осыны қамтитын заңнама жылда өзгеруде. Сәйкесінше біз де құқықтық сауаттылықты арттыруды кейінге қалдыра алмаймыз, - деген Кәсіподақ төрағасы білім беру саласындағы еңбек қатынастарының ерекшеліктеріне, ұжымдық шарттардың маңыздылығына тоқталып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелеріне баса назар аударды.
Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша сөз облыстық кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбековке беріліп, лектор «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды тәжірибеде қолдану» тақырыбы аясында аттестаттаудан өткізу бойынша толық ақпарат берді. Модератор өз сөзінде педагог қызметкерлерін аттестаттаудың жаңа талаптарына баса назар аударып, біліктілік санаттарын беру және растау кезіндегі өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. «Бұл өзгерістер педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған» деп атап өтті спикер сөз соңында.
Ал Кәсіподақтың құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды тәжірибеде жүзеге асыру мәселелері бойынша ақпарат берді.
- Қағидаларға енгізілген өзгерістер білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігін арттыруға және педагогтардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға бағытталған. Заңнамадағы өзгерістер конкурс өткізу рәсіміне қатысты талаптарды күшейтіп, үміткерлердің біліктілігі мен тәжірибесіне ерекше назар аударуды талап етеді, - деген Әлия Игенбайқызы қатысушыларды жаңа талаптармен мұқият танысуға шақырып, өзгерістердің білім беру сапасын арттыруға септігі тиетініне сенім білдірді.
Семинар соңында бірқатар білім беру мекемелерінің басшылары мен кәсіподақ жетекшілері сөз сөйлеп, семинардың ұйымдастырылуына және көтерілген мәселелердің маңыздылығына алғыс білдірді. Олар өз жұмыстарында туындаған сұрақтарға толыққанды жауап алғандарын және алған білімдерін тәжірибеде қолдануға дайын екендіктерін атап өтті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-