
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған құқықтық инспекция заңгерлері Шу ауданында болып, білім мекемелері мен ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары мен білім бөлімінің мамандары, бастауыш ұйым төрағаларымен кездесті.
Төле би ауылындағы М.Мақатаев атындағы мектеп базасында өткен кездесудің басты мақсаты - педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды және мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына енгізілген өзгерістерді тәжірибеде қолдану тақырыптары бойынша құқықтық көмек көрсету болды.
Ерұлан Мағзымбеков өз сөзінде білім беру саласындағы заңнамалық өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, олардың педагогтардың кәсіби дамуы мен құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты. Ол аттестаттау рәсімінің әділ әрі транспарентті болуына ерекше назар аударылып, әрбір педагогтың өз біліктілігін арттыруға мүмкіндігі болуы керектігін жеткізді.
- Білім беру сапасын арттыру үшін педагогтар біліктілігін үнемі арттырып отыру қажет. Сәйкесінше, олардың жалақысы да өсетін болады. Бүгінгі кездесуге арқау болған заңнамадағы өзгерістер мұғалімдерге үздіксіз кәсіби даму мүмкіндіктерін ұсынады. Біз әрқашан сала қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек қатынастарын реттеуге және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға күш салатын боламыз. Кәсіподақ заңгерлері әрбір сұраққа толыққанды жауап беріп, түсініксіз тұстарды анықтап беретін болады, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Күн тәртібіндегі негізгі сұрақтар бойынша Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков пен құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова өз баяндамаларында аталған нормативтік құқықтық актілерге енгізілген жаңалықтарға ерекше тоқталып, олардың педагогтардың құқықтары мен міндеттеріне әсерін талқылады. Сондай-ақ, аттестаттау кезіндегі даулы мәселелерді шешу жолдары, бірінші басшылар мен олардың орынбасарлары, педагогтарды тағайындау мен босату кезіндегі заңдылықты сақтау мәселелері бойынша кеңестер берді. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оларға жан-жақты жауаптар қайтарылды.
Ерұлан Мағзымбеков сөз соңында кәсіподақ тарапынан педагогтардың құқықтарын қорғау әрдайым басты назарда болатынын, бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Ол білім беру мекемелерінің басшыларын ұжымдарында өзара түсіністік пен ынтымақтастық жағдайында жұмыс істеуге шақырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-