
МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫНДА КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Жамбыл облысының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Мойынқұм ауданындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің мәжіліс залында облыстық семинар-кеңес өтті. Семинар еңбек заңнамасы мен салалық нормативтік құқықтық актілерді, әлеуметтік әріптестік құжаттарын іс жүзінде қолдану мәселелерін талқылауға және түсіндіруге арналды. Оған білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары қатысты.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – білім саласындағы еңбек қатынастарын реттейтін заңдарды, сондай-ақ «Педагогтарды аттестаттаудан өткізу ережелері мен шарттары» және «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату» ережелеріне енгізілген жаңа өзгерістер мен толықтыруларды практикада қолданудың жолдарын түсіндіру болды.
Семинар-кеңестің ашылуында сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсартудағы кәсіподақ ұйымының рөліне тоқталды. Сонымен қатар, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, ұжымдық шарттардың орындалуын қадағалау мәселелеріне назар аударды.
Жергілікті кәсіподақтың заңгерлері Жанболат Орынбеков пен Әлия Джолшибекова өзгертулер енгізілген нормативтік құжаттарға түсініктеме бере отырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі аттестаттаудың жаңа критерийлері мен лауазымға тағайындаудың өзгерген шарттарына қатысты болды.
Іс-шара соңында Ерұлан Мағзымбеков мұндай кездесулердің білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттырудағы маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Ол педагогтарды заңнамалық өзгерістерді мұқият қадағалап, өз құқықтарын білуге шақырды. Кездесу соңында қатысушылар құқықтық инспекция жұмысына ризашылықтарын білдіріп, мұндай кездесулердің пайдалы әрі қажетті екенін атап өтті.
Жамбыл облысының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-