
ҚОРДАЙДАҒЫ СЕМИНАР БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ АРНАЛДЫ
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес кәсіподақтың Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек және салалық заңнамаларды, Әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбындағы семинар Қордай ауданында өтті. Әлжан ана ауылындағы Мәдениет үйінде өткен кездесуге аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков бастаған мекеме басшылары мен педагогтарды конкурсқа тағайындауға жауапты басшы орынбасарлары, бастауыш ұйым жетекшілері мен білім бөлімінің мамандары, барлығы 205 сала өкілі қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарын атап өтіп, оның ішінде еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және олардың еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне баса назар аударып, семинардың мақсатымен таныстырды.
- Педагогтарды аттестациялау – білім беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі. Ол педагог қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін бағалауға, олардың біліктіліктерін арттыруға, ең бастысы - еңбек өнімділігін жақсартуға бағытталған. Аттестацияның нәтижелері педагогтардың еңбекақыларын көтеруге негіз болады. Бұл ынталандырудың тиімді құралы. Алайда, қағидаларға енгізілетін жаңашылдықтар жыл сайын өзгеруде. Бүгін соңғы өзгерістерді талқылап, түсіндіруге жиналғанымызбен, тағы да өзгерістер орын алады дейді мамандар.
Осы тұрақсыздық жағдайында педагогтардың алаңдаушылығы орынды. Біздің мақсатымыз – осы өзгерістерді мұқият талдап, олардың әрбір педагогке қалай әсер ететінін түсіндіру. Сондықтан, бүгінгі талқылау барысында барлық сұрақтарыңызға жауап беруге тырысамыз және кәсіподақ тарапынан қажетті қолдауды ұсынамыз, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Семинардың күн тәртібіндегі бірінші сұрақ бойынша сөз облыстық кәсіподақ төрағасының орынбасары-облыстық педагогтарды аттестаттау комиссиясының мүшесі Жанболат Орынбековке беріліп, лектор өз сөзінде аттестаттау тәртібі мен мерзімі, аттестаттаудан өткен педагогтерге берілетін біліктілік санаттары, өтініш беру тәртібі, тестілеу қағидаларын бұзған педагогтерге қолданылатын шаралар, аппеляцияға беру мүмкіндігі туралы айтып, өз сөзінде тестілеуден кімдер босатылатыны, біліктілік санатын ұзарту мүмкіндігіне тоқталды.
Ал Кәсіподақтың құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды тәжірибеде жүзеге асыру мәселелері бойынша ақпарат берді.
Семинар барысында қатысушылар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер бойынша пікір алмасулар өтті. Білім беру ұйымдарының басшылары еңбек заңнамасының кейбір тұстарының практикалық қолданылуында кездесетін қиындықтарды ортаға салып, оларды шешу жолдары бойынша ұсыныстарын білдірді. Кәсіподақ заңгерлері әрбір ұсынысты мұқият тыңдап, оларға құқықтық тұрғыдан кеңестер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиын соңында қатысушылар семинардың ұйымдастырылуына және онда көтерілген мәселелердің маңыздылығына жоғары баға берді. Олар мұндай іс-шаралардың білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, еңбек құқықтарын қорғауға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.
Жалпы облыс бойынша 2000 жуық сала қызметкерінің қатысуымен ұйымдастырылған бұл аттестаттау және білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларына қатысты мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру шарасы педагогтердің құқықтарын қорғау және олардың қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болды. Семинар барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта кәсіподақ жұмысының құқықтық бағыттарын айқындауға және еңбек заңнамасын жетілдіруге ықпал ететін болады.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-