
ПЕДАГОГТАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Тараз қалалық прокуратурасымен білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының сақталуына жасалған талдаудың нәтижесінде білім мекемелеріндегі педагогтар мен қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылу фактілері анықталған. Осы ретте, құзырлы орган анықтаған заңдылықтың бұзылуын жою бойынша Тараз қалалық прокуратурасының прокуроры Бауыржан Қасымбековпен кездесу өтті.
Кездесуде прокурор Бауыржан Қасымбеков Конституцияның 24-бабына сәйкес әркімнің тынығу құқығы болғанымен, білім беру ұйымдарының басшылары бұл талаптарды сақтамай мереке, демалыс және түнгі уақытта жұмыс істеген мұғалімдерге қосымша ақы төлемегенін, яғни, мұғалімдердің конституциялық құқықтары бұзылғанын жеткізіп, оларды жоюға ұсыныс берілгенін айтты.
- Мұғалімдердің құқықтары көбіне «Рейд ұйымдастыру», «Кезекшілік ұйымдастыру» туралы мектеп басшыларының бұйрықтарында орын алған. Педагогтердің конституциялық құқықтары №62, 33, 52, 64, 14, 43, 31, 57, 38, 6, 10 білім беру ұйымдарында бұзылған, барлығы 140 мұғалім. Ал қалған мектептерде педагогтер бұйрықсыз кезекшілікке қойылып, рейдке шығуда. Алайда, мектеп директорларымен түнгі уақытта жұмыс істегені үшін үстеме ақы төлеу туралы бұйрық шығарылмаған, - деді Бауыржан Аманбалаұлы.
Сонымен бірге, прокурордың берген ақпараты бойынша демалыс күндері тергеу әрекеттеріне қатысатын педагогтер мен психологтарға да қосымша ақы төленбеген. Мәселен, Қылмыстық процестік кодексінің 215-бабының 1-бөлігіне сәйкес 14 жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшін педагог және психолог шақырылады. Осы ретте, демалыс күндері жұмысқа шақырылған мамандарға қатысты бұйрық шығарылмаған, сәйкесінше үстеме ақы төленбеген.
Кездесу барысында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бұл мәселенің өзектілігін атап өтіп, кәсіподақ тарапынан мұғалімдердің құқықтарын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
- Жұмыс берушілермен тұрақты түрде кездесулер, оқыту семинарлары мен әдістемелік көмек көрсету бойынша жиындар өткізіліп, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланады. Құқықтық инспекторлармен күнтізбелік жылда әр мекемеде 2 реттен жиі емес еңбек заңдылығының сақталуына бақылау жүргізіледі. Тексерулер әлеуметтік әріптестік негізінде жасалған ұжымдық шарт талаптарын орындауға негізделеді. Онда қызметкерлердің еңбек ақысы, жұмыс уақыты, демалыс, еңбек қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау мәселелері реттелген. Кәсіподақтар осы шарттың орындалуын әрдайым бақылауда ұстайды. Шарт талаптары бұзылған жағдайда сотқа жүгінеді, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Мемлекеттік бақылау мен қадағалау органы және еңбек заңдылығының сақталуы мен орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу құзыреті берілген азаматтық қоғамның белсенді институты кәсіподақтың бірлескен басқосуында төраға Ерұлан Мағзымбеков Жамбыл облысында 2023-2024 ж.ж. бойында қаржы-бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жөніндегі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан білім беру ұйымдарында, аудандық/қалалық білім бөлімдерінде тексерулер жүргізу барысында Ұжымдық шарттағы кейбір нормалардың қабылдануы мен орындалуы бойынша туындаған бірқатар түйткілдер, сауалдар мен мәселелер туралы баяндап өтті.
Кәсіподақ төрағасы білім саласындағы қаржы-шаруашылық қызметіндегі объективті және субъективті жағдайлар салдарынан білім саласын қаржыландыру, педагогтар мен қызметкерлердің жалақыларын дұрыс есептеу мен мезгілінде төлеу жүйесінің бұзылуы, сондай-ақ, оқу-әдістемелік және тәрбие процесімен айналысатын қызметкерлердің көңіл-күйінің бұзылуы, құқығының шектелуі ең үлкен әлеуметтік социум өкілдері қызмет ететін салада қоғамдық резонансқа, әлеуметтік қысым деңгейінің артуына алып келу ықтималдығын да назарға салды.
Кездесу соңында прокурор кәсіподақтың білім саласының әр санаттағы қызметкерлерінің заңды мүдделерін қорғаудағы рөлін жоғары бағалап, бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтіп, заңмен берілген мүмкіндіктерді барынша пайдалануға шақырды. Сонымен бірге, соңғы 3 жылда конституциялық құқықтары бұзылған педагогтардың құқықтарын қалпына келтіруді және алдағы уақытта заңсыздыққа жол бермеу мақсатында педагогикалық кеңестерде барлық білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне Еңбек кодексі, ұжымдық шарт және еңбек заңнамасына қатысты салалық заңнамаларды түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынды.
Бұл шаралар педагогтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, өз құқықтарын қорғау бағытына қосымша пәрмен бермек.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және мұғалімдердің құқықтарын қорғау бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуге келісті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-