
КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Бүгін “Кәсіподақ жұмысын ұйымдастырудың (құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық, ақпараттық) бағыттары” тақырыбында семинар өтті. Жиынға қаладағы жоғары оқу орындарының, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының, қосымша білім беру ұйымдарының, облыстық мектептердің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Басқосуда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының өкілдері өткен жылы атқарылған жұмыстарының есебін беріп, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Ұйым төрағасы Раушан Серікова облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының есепті мерзім ішіндегі кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында атқарылған кәсіподақ жұмыстарына жіті тоқталды. Сонымен қатар ұйым төрағасы кәсіподақтың ұйымдастырушылық құрылымы, әлеуметтік әріптестік, құқықтық жұмыс туралы кеңінен баяндады.
Кәсіподақ қызметінің басты бағыты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбектік құқықтарын қорғау. Бұл жұмыстар облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, оқу орындарының басшылары сынды әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда.
Раушан Серікова салалық кәсіподақтың сала өкілдері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктерін арттыра түсу бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды. Төраға кәсіподақтың негізгі жұмысы мәдени-көпшілік шаралар мен сауықтыру емес, әрбір кәсіподақ мүшесінің еңбек құқығы мен кәсіби мүддесінің сақталуы, еңбек дауларының алдын алу, жұмыс беруші мен жұмысшы арасын әлеуметтік әріптестік арқылы дәнекерлеу екенін түсіндірді.
Басқосуда бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделі, олардың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында орындалатын міндеттер мен алдағы жоспарлар сөз болды. Сондай-ақ, кездесуде облыстық ұйым төрағасы салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан мәселелер жөнінде де толығырақ тарқатты. Сонымен бірге бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбек ұжымдарындағы мәртебесін нығайтуға екпін беріп, кәсіподақ мүшелерінің бірлігі мен ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне жіті тоқаталды.
Жиын соңында облыстық ұйым көшбасшысы Раушан Серікова бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына еңбек қауіпсіздігін сақтау, ұжымдық шарттарда көрсетілген әлеуметтік міндеттердің орындалуына бақылау жүргізу сұрақтарын назарда ұстауды тапсырды.
Семинарда облыстық кәсіподақ заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай еңбек адамының құқығын қорғау, еңбек адамының кауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар кәсіподақ заңгерлері жергілікті кәсіподақтың қолданыстағы Келісім мен ұжымдық шарттарында сала қызметкерлерінің әлеуметтік, еңбек және экономикалық қатынастарын реттеу бойынша белгіленген нормаларына тоқталып, оларды еңбек қатынастарында тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетті.
Облыстық кәсіподақ өкілдерінің айтуынша, есепті кезеңде 4000-ға жуық құқықтық кеңестер берілді. Одан бөлек кәсіподақ мүшелеріне құқықтық сипаттағы түрлі мәселелер бойынша кеңес беру; кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау; еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу; кәсіподақ активімен, басшылармен, қызметкерлермен құқықтық тақырып бойынша оқыту семинарларын өткізу құқықтық көмек көрсету бағыттарында жұмыстар жүргізілді.
Басқосуда ұйым маманы Айжарық Серімбетов ұйымдастыру жұмыстары, жастармен жұмыс және ақпараттық жұмыс туралы кеңінен баяндады.
Кездесу соңында бірқатар кәсіподақ төрағалары облыстық ұйым өкілдеріне сұрақтар қойып, заңгерлік кеңестер алды.
-
Фотографии
-