
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ АЯСЫНДАҒЫ БЕТПЕ-БЕТ ӘҢГІМЕ
5 наурызда Шығыс Қазақстан облысының оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа да бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының еңбекші әйелдер істері жөніндегі Комиссия отырысы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Жұмысшы мамандықтарындағы әйелдердің кәсіби және жеке өсуі үшін қолайлы орта құру» тақырыбында Face-to-face talk / Бетпе-бет әңгіме форматында өтті.
Шараға комиссия мүшелерімен қатар, білім саласында аянбай тер төгіп жүрген аяулы жандар – тәрбиеші көмекшісі, вахтер, қызметтік үй-жайларды тазалаушылар қатысты.
Шараны Комиссия төрағасы Әсел Зиядабек ашып, қатысушыларды бағдарламамен таныстырды. Шақырылған спикерлер Жұлдыз Серденова («Отбасы банк» АҚ өкілі) «Жұмысшы мамандықтары үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламалары» туралы баяндаса, Иван Соколов (ШҚО жергілікті кәсіподағы құқықтық мәселелер жөніндегі және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бас маманы) «Әйелдердің еңбек өміріндегі құқықтарын» сөз етті. Ал, Гүлфия Берекполова (Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының аға оқытушысы) «Әйел бингосының» қыр-сырын ашты. Бетпе-бет әңгіме барысында комиссия мүшелері мен шақырылған спикерлер жұмысшы әйелдердің көкейінде жүрген сауалдарға жауап беріп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кеңестер берді. Әсіресе, тұрғын үй бағдарламалары, еңбек қауіпсіздігі және әйелдердің әлеуметтік мәселелері қызу талқыға түсті.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жұмысшы әйелдердің өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне, кәсіби өсуге деген ынтасын арттыруға және еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Жиын соңында комиссия төрағасы Әсел Зиядабек барлық қатысушыларға жемісті жұмыстары үшін алғысын айтып, алдағы уақытта да осындай белсенділік танытады деген сенімін білдірді. Сондай-ақ, ол барша әйелдер қауымын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және отбасыларына амандық тіледі.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бастауыш кәсіподақ төрағасы Әнел Таранова мерекелік көңіл күйді көтеру мақсатында музыкалық сәлем жолдап, жиналғандарды әсем әуенімен қуантты.
Шара соңында комиссия мүшелері мен қатысушыларға 8 наурыз мерекесіне орай естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл шара барлық қатысушыларға жақсы көңіл күй сыйлап, өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізді.
-
Фотографии
-