
КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Шуақты көктемнің бастауы Наурыз – халқымыз үшін мерекелі, берекелі ай. Еліміз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту мерекесін тойласа, 8 наурызда әйел-аналарға сый-құрмет көрсетеміз. Қыстан шығып, көңілі көлдей шалқыған көшпелі жұрттың тұрмысында ерекше орын алатын ұлттық мейрам – Амал күні мен Ұлыстың ұлы күні де осы айда аталып өтіледі.
Ақтөбе облыстық білім кәсіподағының игі дәстүріне айналған “Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау” шарасы осы мерекелердің мән-маңызын арттырып, ұстаздардың қуанышын еселей түскендей.
Салтанатты шараға 150-ге жуық білім саласының өкілдері қатысты. Олардың қатарында әлеуметтік әріптестер, үздік ұстаздар, профессор-оқытушылар, «Кәсіподақ көшбасшысы» облыстық байқауының жеңімпаздары мен қатысушылары, облыстық мұғалімдер спартакиадасының жеңімпаздары, облыстық пәндік байқаулардың жеңімпаздары да бар.
Айта кетейік, мерекелік шара Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы, Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Атаулы күндер қарсаңында бала тәрбиесінде айрықша еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелері марапат биігінен көрінді.
Басқосуда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова жиналғандарды құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
- Cалалық кәсіподақтарға жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Ұжымдардағы еңбек дауларын оңтайлы шешу, мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін асыру - бүгінгі күннің басты талабы. Жалпы педагогика саласында еңбек етіп жатқан әрбір қызметкердің мүддесінің, құқығы мен талаптарының тапталмауын қадағалау, ең ақыры ұстаздардың демалып, денсаулықтарын нығайтуына, ынталанып жұмыс істеуіне жағдай жасау - бізге артылған зор міндет.
Бауыржан Момышұлының «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген қанатты сөзі бар. Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді, Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, өмірдің қыр-сырын танытатын, ардақты ұстаздар, сіздерге алғысын шексіз!,- деді Р.Серікова.
Шарада Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті.
Марапаттау шарасында жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған әлеуметтік әріптес, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің директоры Бағдашжан Молдашеваға облыстық кәсіподақ ұйымының атынан Біріккен Араб Әмірліктеріне білімін жетілдіруге жолдама тарту етілді.
Салтанатты басқосуда кәсіподақ бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп жүрген әлеуметтік әріптестердің кеудесінде төсбелгілер жарқырады. Екі әлеуметтік әріптеске Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметерлері салалық кәсіподағының «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Сонымен қатар, үздік кәсіподақ өкілдері де сый-құрметке бөленді. Сала майталмандары Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына айырықша сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Мерекелік шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бір топ қызметкеріне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамоталары мен облыстық кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйақы сертификаттары табысталды.
Наурыз айындағы мерекелердің тоғысында ұйымдастырылған салтанатты шара аясында білім саласында қажырлы еңбегімен еленген 100-ден астам кәсіподақ мүшесіне білім кәсіподағы және облыстық білім басқармасының бірлескен алғыс хаттары табысталып, 50 кәсіподақ мүшесіне Сарыағаш өңіріне шипажайға жолдама берілді. Педагогтар көктемгі каникул кезінде еліміздің емдеу-сауықтыру орталығында тынығып, денсаулықтарын нығайтып қайтпақ. Сонымен қатар білім саласында табысты еңбек етіп жүрген өңірдің 70-ке жуық білім қызметкері Ташкент-Самарқанд және Түркістан-Шымкент қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа мүмкіндік алды.
Салтанатты жиын соңында Өнер орталығының өнерпаздары жанды дауыста ән шырқап, кәсіподақ мүшелеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады.
-
Фотографии
-